Қазақстандық оқушылар Пекиндегі халықаралық чемпионатта топ жарды

Жер-жаһанның 25 елінен жиналған 375 озық команда арасында біздің 140 жас өрен өзгелерден оқ бойы озық шықты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қытайда робототехникадан өтіп жатқан Азия чемпионаты аяқталды. Әлемнің 25 елінен жиналған кішкентай өнертапқыштар арасында қазақстандық оқушылар тағы да оқ бойы озық шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Аспан асты елінде Алаш баласы тағы да топ жарып, әлем жұртшылығын таңдай қақтырды! Қытайдың Пекин төрінде робототехникадан өткен «FIRST LEGO League Asia Open Championship 2026» халықаралық чемпионаты ресми түрде мәресіне жетті. Жер-жаһанның 25 елінен жиналған 375 озық команда арасында біздің 140 жас өрен өзгелерден оқ бойы озық шығып, ел намысын биіктен көрсетті. Бұл дода – жас өнертапқыштардың халықаралық деңгейде бақ сынап, өзара тәжірибе алмасуына жол ашты.

«Бұл – Қазақстанның дамып келе жатқанының айқын бейнесі. Балалардың көкжиегі, көзқарасы кеңейіп, әлемдік деңгейде  бағын сынап, Қазақстанға жүлделі  орындар сыйлап жатыр», – деді «Kazbots» командасының бас менторы Қанат Абылай.

Пекин төрiнде бәсекеге түскен қазақстандық оқушылар халықаралық жарысқа республикалық іріктеу кезеңдерінде үздік шығып, жолдаманы жеңіп алған. Ел ішіндегі сайыстарды «USTEM Foundation» қоры Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе ұйымдастырды. Нәтижесінде Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Абай, Қызылорда және Ақмола облыстарынан жиналған дарынды жастар байрақты бәсекеде ел абыройын асқақтатты.

«Жарыс екі этаптан тұрады. Robogame және де инновациялық проект. Бірінші Robogame-ді жасап, содан кейін инновациялық проекті айтып бердік. Негізі өзі жарыста 300-дей команда болды, 2-орын алдық. Келесі жылы 1-орын үміттіміз және  жаңа үлкен жоба жасаймыз», – деді «Kazbots» командасының мүшесі Санжар Ғалым.

Халықаралық додада өрендеріміз «Explore» және «Challenge» санаттары бойынша озық инженерлік жобаларын сәтті қорғады.

Айта кетейік, үздіктер қатарында Қазақстан мен Өзбекстандағы ірі жарыстарда топ жарып жүрген «Kazbots» командасы да бар. Бұған дейін көршілес елдегі бәсекеде бауырлас халықтың қонақжайлылығына сүйсініп, мол тәжірибе жинаған жас өнертапқыштар бұл жолы да ел үмітін толық ақтады. Бұл жетістік –отандық STEM білім беруді жүйелі дамытудың нақты нәтижесі.

Диана Жұматай, Ернат Болатбек