Алматыдағы жол-көлік апаты: қызметтік тексеріс басталды

Заңсыз жарыс ұйымдастыратын топтар да анықталып жатқан көрінеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында 3 адамды жер жастандырған жол-көлік оқиғасына полиция қызметкерінің қатысуы болуы мүмкін. Өйткені, қазір құзырлы орган қызметтік тексеріс бастаған. Бұл туралы Полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдулдинов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдағы басты көшелердің бірі Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты 21 наурызға қараған түні болғані. Zeekr көлігін тізгіндеген жүргізуші жоғары жылдамдықпен қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автомобиліне соғылған. Салдарынан 3 адам оқиға орнында жан тапсырды. Ал сезікті деп танылған жүргізуші жарақат алғанымен, аман қалған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Полиция департаменті басшысының айтуынша, күдіктінің жағдайы жақсарса, бірден қамауға алу мәселесі қарастырылмақ. Сондай-ақ Айдын Қабдулдинов күдіктінің рөлде масаң күйде болған-болмағанын анықтау үшін қан сараптамасы алынғанын, алайда нәтижелері әлі дайын еместігін жеткізді. Бұдан бөлек, шаһардың бас тәртіп сақшысы жолда заңсыз жарыс ұйымдастырылғаны және оған полиция қызметкерінің қатысуы болуы ықтимал деген биресми ақпаратты да жоққа шығармады. Тек жағдайдың анық-қанығын білу үшін қызметтік тексеріс басталғанын қысқа қайырды.

«Полиция департаментінің орынбасарының жүргізушісі сол Әл-Фараби бойындағы жол-көлік оқиғасына қатысы бар-жоқтығын департамент полициясымен қызметтік тексеріс өткізілуде. Қызметтік тексерістің қорытындысы бойынша кінәлі полиция қызметкерлеріне шара қолданамыз», – деді Полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдулдинов.

Бұл алып шаһар Алматыда тіркелген жалғыз жағдай емес. Соңғы кездері басты көшелерде заңды белшеден басып, түнгі жарыстар өткізетіндердің қатары сейілмей тұр. Мәселен, мереке күндері ғана қалада 5 мыңнан аса жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркеліпті. Оның 2 мыңнан астамы қауіпсіздікті торып жүрген тәртіп сақшылары мен бейнекамераларды елемей, жылдамдықты асырған. Ал 40 жүргізуші масаң күйде ұсталып, 100-ге жуық автокөлік айып тұрағына қойылған. Бұдан бөлек, заңсыз жарыс ұйымдастыратын топтар да анықталып жатқан көрінеді.

«94 автокөлік айып тұрағына қойылды. Олардың ішінде жарысты ұйымдастыратын көліктер де бар. Негізі талдау жүргізу барысында мұндай топтар айқындалып, олардың іс-әрекеттеріне қазіргі таңда құқықтық баға беріледі. Мұндай құбылыстарға полиция қызметкерлері жол бермейді. Арнайы рейдтік және іс кесу шаралары жүргізілуде», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Былтыр тек Алматыда 40 мыңнан аса жол апаты тіркеліпті. Салдарынан 105 адам қаза тауып, 7 мыңнан астамы жарақат алған. Сарапшылар мұны жолдағы жүктеменің ауырлығымен байланыстырады. Себебі, қалада күнделікті бір жарым миллионнан аса автокөлік қатынайды екен. Оған қоса ондаған мың мопед пен электр самокатын тізгіндеушілер де бар. Бұл республика үлесінде жүктеменің 25 пайызын құрайды. Ал мұндай ауыртпалықта жылдамдықты асыру – өзгелердің ғана емес, жүргізушінің өз өміріне де қауіп төндірері сөзсіз.

Аяулым Көлжігіт, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Елімізде жеке сот орындаушысының дерекнамасы пайда болады

Новости партнеров