Былтыр 2644 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылған
Елімізде жеке сот орындаушысының дерекнамасы пайда болады. Дерекнамада оның қызметі мен тәртібі туралы барлық мәліметтер енгізіледі. Бұл туралы Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сөзінше, аталған ақпараттық модульде халықтан түскен шағымдар, өтініштер, соттың шешімдері мен актілері, тіпті жеке сот орындаушының қанша тәртіп бұзғанына дейін көрсетіледі. Ал республикалық палата оның болашақтағы қызметін осы жинақталған деректер негізінде қарастырып, шешім қабылдайды.
«Жеке сот орындаушыларының рейтингіне қатысты арнайы жүйе енгізіліп жатыр. Біз онда жасанды интеллектіні біріктіреміз. Бұл жүйе нақты жеке сот орындаушысына қатысты барлық мәліметтерді жинауға мүмкіндік береді. Мұнда оның толық портреті қалыптасады», – деді ҚР Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы Мақсат Балабеков.
Былтыр 2644 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Олардың 39-ы лицензиясынан айырылса, тағы алтауының қызмет ету мерзімі тоқтатылған. Мақсат Балабековтың дерегінше, олар азаматтарға атқару өндірісінің барысы туралы ашық ақпарат бермеген, мәжбүрлеп орындау шараларын уақытында жүргізбеген, тіпті алимент өндірмеген. Сондай-ақ комитет өкілі өткен жылы сот орындаушыларының 10 миллионнан астам құжат бойынша іс жүргізіп, 15 жарым триллион теңге өндіріп алғанын жеткізді.
«Өндіріп алушылардың пайдасына өтелген сома 557,6 миллиард теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 88,6 миллиард теңгеге жоғарылады. Мемлекет кірісіне 63,4 миллиард теңге өндірілді. Бұл көрсеткіш 10 пайызға өсім көрсетті», – деді ҚР Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы Мақсат Балабеков.
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында аққулардың өлексесі табылды