Алматыдан күзде 1,5 мыңнан аса азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады

03.11.2025 19:42

Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады

Биыл күзде Алматыдан 1,5 мыңнан аса азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әскерге шақыру желтоқсанның соңына дейін жалғасады. Бұл туралы Әуезов ауданының Қорғаныс істері басқармасының бастығы Руслан Бітікбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл алып шаһар Алматыдан Отан алдындағы борышын өтеуге шамамен үш мыңға жуық жас сарбаз аттанады. Көктемгі шақырту науқаны кезінде мың жарым азамат сапқа қосылса, күзгі легінде олардың қатары тағы да 1,5 мыңға толықпақ. Бүгінде ел көлемінде 195 қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиясы жүйелі түрде жұмыс істеп тұр.

«Әскерге шақырылушыларға алдымен 1414 бірыңғай байланыс орталығынан смс-хабарлама жолданады. Хаттамада олардың келу күні мен уақыты, тіпті қабылдау өтетін кабинет нөміріне дейін нақты көрсетіледі. Бұл – алдын ала медициналық тексерудің алғашқы кезеңі. Егер осы кезеңнен сәтті өтсе, кейін қалалық комиссияда толық медициналық сараптамадан өтіп, әскери қызметке жарамдылығы түпкілікті мақұлданады», – деді жұмылдыру бөлімінің бастығы Айбек Махамет.

Әскери міндет – әр азаматтың қасиетті парызы. Сарбаз атанудың алғашқы жолы шаңырақтан басталады. Бостандық аудандық Қорғаныс істері жөніндегі басқармада18 бен 27 жас аралығындағы үміткерлер 7 кабинеттен медициналық тексеруден өтеді. Егер жарамдылығы мақұлданса, әскер қатарын толтырады.

«Бүгін мен медициналық комиссиядан өтіп жатырмын. Не тексерді? Психиатрға кірдім, терапевт жақсы нәтиже жазып берді. Өз еркіммен барғым келмейді», – деді студент Сағыныш Демеш.

Сағыныш секілді әскерге өз еркімен баруға ықылас танытпайтын азаматтар үшін соңғы жылдары бірқатар маңызды өзгеріс енгізіліпті.  Бұл туралы Әуезов ауданының Қорғаныс істері басқармасының бастығы Руслан Бітікбаев мәлімдеді. Оның сөзінше, әскерге шақырылушылар борышын өтеп жүрген кезеңде «несие демалысына» ие болады. Бұдан бөлек жоғары оқу орнымен жасалған ынтымақтастық аясында сарбаздар қосымша емтихан тапсырмай-ақ тегін оқуға мүмкіндік алады.

«Әскери борышын өтеуге келген сарбаздар бір жыл қызмет етеді. Осы мерзім ішінде оларға 11 айлық несие демалысы қарастырылған. Яғни, азаматтың туыстары тиісті анықтаманы әскери бөлімнен алып, оны екінші деңгейлі банкке тапсырады. Нәтижесінде сарбаздың несиесі әскери қызмет кезеңінде автоматты түрде тоқтатылады. Бүгінде Қорғаныс министрлігі елдің елуге жуық жоғары оқу орнымен өзара келісім орнатқан. Сол арқылы борышын адал атқарып, жақсы нәтиже көрсеткен жауынгерлерге грант негізінде білім алу мүмкіндігі беріледі», – деді Әуезов ауданының Қорғаныс істері басқармасының бастығы Руслан Бітікбаев.

Айта кетейік, Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Биыл 22 мың жас сарбаз сапты толтырады.
Мәди Мәлік, Ялкунжан Әшімжанұлы

Оқи отырыңыз: Қазақстанда автолизингпен көлік алу шарттары белгілі болды