Мо Янь – Қытайдағы ең танымал жазушылардың бірі
Алматыға әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының иегері Мо Янь келді. Қытайлық қаламгер әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде оқырмандарымен жүздесіп, шығармашылық жолы, қазіргі әдебиеттің дамуы жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жиналғандар жазушыға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ең беделді халықаралық сыйлық иесімен еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, Мо Янь – Қытайдағы ең танымал жазушылардың бірі. Оның туындылары ондаған тілге аударылып, әлемнің көптеген елінде жарық көрген. Кейбір шығармалары бойынша фильм де түсірілген. Мо Яньмен бірге Қазақстанға белгілі жазушы, аудармашы Әкбар Мәжит және Бейжің Тіл және мәдениет университетінің профессоры Лю Шицинь де келді. Бұл сапар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталған.
«Қазақстандық оқырмандар ыстық ықыласымен таңқалдырды. Жиналғандар әлем әдебиетімен етене таныс екенін айтты. Қуаныштымын. Бір өкініштісі, қазіргі таңда қазақша әдеби шығармалар қытай тіліне өте аз аударылады. Сондықтан мен бұл кездесуден кейін қазақ қаламгерлері осы істі қолға алады деп ойлаймын. Болашақта қазақ жазушыларымен пікір алмасқым келеді», – деді жазушы, нобель сыйлығының иегері Мо Янь.
Айта кетейік, аталған іс-шара «Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл бастама жас қаламгерлердің кәсіби дамуына жағдай жасап, халықаралық деңгейдегі әдеби тәжірибені игеруге жол ашады.
«Аудармашы арқылы ойын тыңдай өте қиын. Ол адамды тікелей қабылдауына әсер етеді. Өйткені біреу айтады, оны біреу аударады, сосын сен тыңдайсың. Сол жағына келгенде қиындықтар бар. Бірақ Қазақстанға тұңғыш рет әдебиеттен Нобель сыйлығын алған адам келіп отыр. Ол – үлкен оқиға. Жастар отырып, сол кісінің көзін көріп, сөзін тыңдағанның өзі – үлкен мектеп», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
Оқи отырыңыз: Алматы қуыршақ театры «Шомбай-fest» халықаралық фестивалінің жеңімпазы атанды