Жол апаты 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында болған
Алматының Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған атышулы жол-көлік оқиғасына қатысты сот үкімі шықты. Қаланың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты басты айыпталушы Александр Пакты 10 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Наурыз айынан бері қоғам назарындағы бұл іске бүгін нүкте қойылды. Судья сотталушыны кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды. Сонымен қатар сотталушы қылмыстың ауырлығына байланысты өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
«Сот Александр Пакты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Аталған бап бойынша оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан өмір бойы айырылды», – деді судья Еркін Майшынов.
Үш жәбірленуші де кешірім бергеніне қарамастан Александр Пак Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша ең қатаң жаза арқалады. Түске дейінгі сот отырысында марқұм Томирис Қыдырбектің әкесі, іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған тарап, сотталушыдан моральдық өтемақы ретінде 100 миллион теңге өндіруді талап етті. Алайда сот бұл талапты ішінара қанағаттандырып, жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.
«Қанағат тұтамыз. Азаматтық талап бойынша, осы бап бойынша да, бұл – ауыр жаза, сумасы да – ең жоғарғы мөлшер деп ойлаймын», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев.
Еске салайық, жол апаты 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында болған. Тергеу мәліметінше, Александр Пак басқарған Zeekr көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes-пен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында қаза тапқан.
Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: «Қара жәшік» пен координаттар: әуе кемесіне лазер бағыттағандар қалай анықталады