Ота жүрек соғып тұрған күйінде (Beating heart) жасалды
Алматы Қалалық кардиологиялық орталығында алғаш рет жүректің митрал және трикуспидалды қақпақшаларына пластика жасау арқылы сәтті ота жүргізілді. Пациентке сирек тығыздалмаған миокард және митрал мен трикуспидалды қақпақшалардың айқын жеткіліксіздігі диагнозы қойылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ота жүрек соғып тұрған күйінде (Beating heart) жасалды. Бұл қазақстандық кардиохирургия тәжірибесінде өте сирек кездесетін жағдай.
Отаны Қалалық кардиологиялық орталықтың директоры, кардиохирург Ермагамбет Куатбаев басқарған хирургиялық команда жүргізді.
«18 жастағы қыз жүрек жеткіліксіздігінің декомпенсацияланған клиникалық белгілері және сол қарыншаның төмен шығарым фракциясымен шұғыл түрде Кардиологиялық орталыққа жатқызылды. Пациент жағдайының ауырлығын және жүрек трансплантациясына көрсеткіштерін ескере отырып, реконструктивтік ота жасау туралы шешім қабылданды, өйткені жақын уақытта донор табу және трансплантация жүргізу мүмкін болмады», - делінген хабарламада.
Гемодинамикалық тұрақсыздыққа байланысты қыз реанимациялық бөлімшеге жатқызылып, артериялық қысымды қолдауға арналған препараттарды қабылдады.
Кешенді тексеру нәтижелері (ЭХО, МРТ) тығыздалмаған миокард және жүрек қақпақшаларының айқын жеткіліксіздігі диагнозын растады.
Бұл жағдай Пя Юрий Владимирович басшылығымен Heart Team UMC Жүрек орталығы мамандарымен телемедицина арқылы талқыланды.
Асқынудың жоғары қаупіне байланысты жүрекке соғып тұрған күйінде ота жасау шешімі қабылданды. Классикалық нұсқа, яғни жасанды қан айналымын пайдаланып жүректі уақытша тоқтату, миокардта қайтымсыз өзгеріске және ауыр жүрек жеткіліксіздігінің дамуына әкелуі мүмкін еді.
Тығыздалмаған миокард - жүрек қарыншаларының миокард құрылымының бұзылуымен сипатталатын генетикалық ауру.
Бұл патология өте сирек, халықтың шамамен 0,015%-да ғана, кездеседі және көбіне жүрек жеткіліксіздігінің тез дамуына және кенет өлім қаупіне әкеледі.
«Бұл жағдай тек аурудың сирек кездесуімен ғана емес, сонымен қатар хирургиялық тәсілдің айрықша болуымен ерекше. Митрал және трикуспидалды қақпақшаларға пластика жасау - олардың өзін сақтау және функциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді, бұл пациенттің әрі қарайғы өмір сапасы үшін өте маңызды. Ең бастысы, бұл ота жүрек трансплантациясын күте тұруды мүмкін етеді»,
– деп атап өтті кардиохирург дәрігер Ермағамбет Қуатбаев.
Қазір пациент реабилитациядан өтіп, үйге шығуға дайындалып жатыр. Қалалық кардиологиялық орталықтың дәрігерлері оның денсаулығын бақылауды жалғастырады.
Оқи отырыңыз: Мектептегі қыздарды акушер-гинекологтар тексеруі мүмкін