Коммуналдық қызмет тарифтері де келер жылдың бірінші тоқсанына дейін қымбаттамайды
Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы өспейді. Үкімет инфляция деңгейі тұрақтанғанша екі өнімге мораторий енгізді. Сондай-ақ коммуналдық қызмет тарифтері де келер жылдың бірінші тоқсанына дейін қымбаттамайды. Бұл шешім Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау және экономикалық реформалардың теріс әсерін азайту мақсатында қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Коммуналдық қызметтер саласында да бағаның өсуі тоқтады. Енді 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін тарифтер қымбаттамайды. Қазір жауапты ведомстволар электр энергиясы мен жылу тарифтерінің өсуіне жол бермеуді басты назарда ұстап отыр.
«Электр энергияның, жылу саласындағы тарифтердің де өспеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Оған тиісті осы саладағы істеп жатқан мекемелердің барлық шығындарын оптимизация ретінде қарастырып, тиісті көмір бағасын, темір жол саласындағы бағаның өспеуін қамтамасыз етеміз. Коммуналдық тарифтер өспейді», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.
Елімізде бизнеске түсетін салықтық салмақты азайту шаралары қолға алынды. Қазақстанда 2 миллионнан аса кәсіпкер бар. Соның 1 миллион 700 мыңы жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейді. Енді бұл тәртіп өзгермей, сол қалпында қалады. Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, бұл өзгерістер бизнесті қолдауға және кәсіпкерлердің табысын сақтап қалуға бағытталған.
«Жалпы режимге өту үшін кәсіпкердің өзінің бугхалтері жеке болуы керек, содан кейін бүкіл айналымының есебін көрсетуі тиіс. Сондықтан Қазақстандық кәсіпкерлікті жойып жібермеу үшін, сонымен қатар көлеңкелі экономикаға жол ашып жібермеу үшін жеңілдетілген салықтың маңызы зор», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетов.
Дегенмен экономикалық сарапшылардың айтуынша, бағаны ұзақ уақыт тұрақты ұстау мен салықтағы жеңілдіктерді соза беру – дұрыс шешім емес. Өйткені мұндай тәсіл кейін кері әсерін тигізіп, нарықта тауар тапшылығын туғызуы мүмкін. Бұл шаралар инфляцияға уақытша тосқауыл қою үшін ғана қажет екенін айтты.
«Егер мемлекетке ақша жетпей жатса, онда қаражатты бюджеттен немесе Ұлттық қордан алуға тура келеді. Ал егер Ұлттық қордағы ақша таусылса, онда экономика ауыр соққы алады. Сол кезде бәрін бір сәтте қымбаттатуға тура келеді, бұл – халық үшін де, ел үшін де өте қиын жағдай». – деді қаржыгер Расул Рысмамбетов.
Айта кетейік, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралар мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта ел тұрғындары үшін ипотекалық несие көлемі екі есеге ұлғаяды. Үкіметтің жоспарына сәйкес, «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы берілетін несиенің жалпы көлемі 500 миллиард теңгеге дейін көбеймек. Ал «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылып, жыл сайын кемінде жеті мың әскери қызметші пәтер алу мүмкіндігіне ие болады.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Заңсыз құрылысқа жол беріле ме: Алматы әкімі қала тұрғындарының өтінішін тыңдады