Алматылық оқушы әлемнің үздік жас инноваторларының қатарына енді

11-сынып оқушысы Дана Қадырбек жаһандық су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған тың технология ұсынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық оқушы жаһандық су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған тың технология ұсынып, Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінде әлемнің үздік жас инноваторларының қатарына енді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

№79 гимназияның 11-сынып оқушысы Дана Қадырбек ауа құрамындағы ылғалды жинап, оны суға айналдыруға мүмкіндік беретін құрылғы әзірлеген. Ғылыми жоба бұған дейін де бірнеше халықаралық байқауда жоғары бағаланып, енді ел ішінде тәжірибе жүзінде сыналуы мүмкін.

Әлемде су тапшылығы күшейген сайын, оны шешудің балама жолдарына сұраныс артып келеді. Дананың жобасы дәл осы бағытқа негізделген. Ол суды жер астынан емес, ауа құрамындағы ылғалдан алуды ұсынады. Енді бұл жоба байқаудағы жетістік қана емес, нақты жағдайда сыналуы мүмкін технология ретінде қарастырылып отыр. Себебі жоба бойынша Су ресурстары министрлігімен пилоттық меморандум да жасалған.

«Мен атмосферадан су алуға арналған құрылғы әзірледім. Бұл идея Қазақстандағы құрғақ аймақтар мен су тапшылығы бар өңірлерді көргеннен кейін пайда болды. Оның негізгі компоненті – ауадағы су молекулаларын сіңіріп, жинауға мүмкіндік беретін наноматериал. Құрылғының басты артықшылығы – электр қуатын қажет етпейді, күн энергиясымен жұмыс істейді. Материалдың жұмыс істеу мерзімі шамамен 5 жылға дейін жетеді. Кейін оны өңдеп, кептіріп, қайта пайдалануға мүмкіндік бар», – деді № 79 гимназия оқушысы Дана Қадырбек.

Дананың ғылыми ізденісі бір ғана өнертабыс аясында қалып қойған жоқ. Соңғы екі жылда ол ғарыштық технология, математика және инженерлік бағыттағы бірнеше халықаралық байқауда жүлделі орындарға ие болған. Ал атмосферадан су жинау технологиясы оның ең маңызды жетістіктерінің біріне айналды. 2025 жылы Сеулде өткен WICO дүниежүзілік жастар ғылыми олимпиадасында Дана бұл әзірлемесі үшін алтын медаль алды. Қазылар алқасы алюминий фумараты негізіндегі наноматериал арқылы ылғалды жинау тәсілін жоғары бағалаған.

«Әр баланы қолдаймыз, әр мұғалімді қолдаймыз. Әр мектептің кабинетінде STEМ, роботехника кабинеттері бар. Сол арқылы балалар жобаны жасайды, жазады, оны мұғалімдер қолдайды», – деді Алмалы ауданы Білім бөлімінің басшысы Бақытбек Қалжанов.

Жас зерттеушінің еңбегі ел ішінде де назардан тыс қалған жоқ. Дана «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты атанып, Алматы қаласы әкімінің марапатына ие болды. Мамандар мұндай жетістіктерді мектептегі ғылыми ортаның нақты нәтижесі деп бағалайды. Себебі оқушының идеясы тек байқау сахнасында емес, болашақта тәжірибеде қолданылуы мүмкін шешім ретінде қарастырылып отыр. Ал Дана үшін бұл – үлкен ғылымға жасалған алғашқы қадамдардың бірі. Себебі болашақ түлек алдағы өмір жолын ғылыммен байланыстыруды жоспарлап отыр.

Айжан Дайрабай, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: «Болашақпен» оқитын студенттердің шәкіртақысы өсуі мүмкін

Новости партнеров