Алматылық оқушы жер сілкінісін жасанды интеллект көмегімен тәулік бұрын болжамақ

Almaty.tv
Almaty.tv

Жас ғалым сейсмикалық белсенділікті бақылай отырып, геомагниттік ауытқулар индексін тереңірек зерттеуді қолға алған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық 11 сынып оқушысы дүмпуді ерте ескерту жобасын әзірлеп жатыр. Жас ғалым зілзаланы жасанды интеллектінің көмегімен 1 тәулік бұрын болжауды мақсат етіп отыр. Ол бұған спутниктік деректерді, геомагниттік ауытқулар индексін және сейсмикалық белсенділікті талдай отырып, күндегі жарқылдың көмегімен қол жеткізбек ниетте, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жас та болса, бас болып ғылыми жобалармен айналысып жүрген Әлихан Гатаулин жақында тың жаңалығын бөліспек. 11-сынып оқушысы жасанды интеллект негізінде жер сілкінісін 1 тәулік бұрын зерттейтін жоба әзірлеп жатыр. Жас ғалымның бұл салаға келуіне Алматының сейсмикалық аумақта орналасуы, жиі болатын дүмпулер әсер еткен. Ол жаңа жобасы арқылы зілзаланың әсерінен болатын ірі апаттардың алдын алғысы келетінін айтты.

«Алматыдағы жер сілкіністерін бастан өткердім. Сол кезде оның неден болатынын түсінгім келіп, осы тақырыпты зерттей бастадым. Ғылыми зерттеулерді оқып жүріп, «Физика земли» журналындағы үлкен магниттік дауылдардың ірі жер сілкіністеріне әсері туралы ғылыми мақалаға тап болдым. Осы жұмыс маған үлкен шабыт берді. Содан кейін жобамның алғашқы нобайын жасап, идеяларымды айту үшін Оқушылар сарайындағы обсерваторияға бардым. Менің бұл ұсынысым басшылыққа ұнап, олар бұл бастаманы қолдады. Осылайша мен зерттеу жұмыстарын бастап кеттім. Бұл зерттеу жұмысы әлемде болатын жер сілкінісінен болатын қауіпті, шығынды азайтады», – деді жас ғалым Әлихан Гатаулин.

Әлихан 2023 жылы Nasa ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы атанған. Болашағынан зор үміт күттіретін жас ғалым халықаралық компанияда қызмет етеді. Оның зерттеу жобасы салаға зор серпіліс беріп, ғылымның дамуына үлес қосып отыр.

«Әлиханның зерттеу жобасы қатты ұнады, сондықтан SpaceLab командасына қабылдадық. Сол уақыттан бастап ол өзін өте жауапты әрі ұйымдасқан адам ретінде көрсетті. Жас болса да, әлі мектеп оқушысы болғанына қарамастан, оның ойлау қабілеті өте жүйелі әрі терең. Қазір Әлихан Күн белсенділігін зерттеу бөліміне жетекшілік етеді. Бірнеше маманмен бірге Күн белсенділігіне қатысты деректерді жинап, оларды талдайды. Негізгі мақсаты – осы құбылыстардың өзара қалай байланысты екенін анықтап, олардың әсерін зерттеу», – деді халықаралық компанияның бас директоры Арман Бекембаев.

Жас ғалым сейсмикалық белсенділікті бақылай отырып, геомагниттік ауытқулар индексін тереңірек зерттеуді қолға алған. Бұл еңбегі арқылы күндегі жарқыл зілзаланы дереу болжауға әсер ете ме деген тұжырымды талдап жүр. Егер барлығы ойдағыдай жүзеге асатын болса, расымен де жер сілкінісін ерте анықтауға мүмкіндік аламыз.

«Күн мен Жер арасындағы өзара байланыстарды зерттеймін. Күннен шыққан геомагниттік шығарындылардың Жерге жетуі белгілі бір жағдайларда электрлік емес әсер арқылы жер сілкінісіне алып келуі мүмкін деген теория бар. Біз барлық алдын ала белгілерді біртұтас жүйеге жинағымыз келеді. Деректер өте көп, солардың бәрін біріктіріп, оларды өңдейтін жүйе құру қажет. Соңғы 7,5 мың жылда, тіпті одан да көп уақыт ішінде, бірде-бір адам жер сілкінісін нақты болжай алған жоқ», – деді жас ғалым Әлихан Гатаулин.

 Жасанды жады негізінде әртүрлі деректері бар жүйе арқылы табиғи апатты алдын ала болжау әлем үшін тың жаңалық болмақ. Дүйім жұртты дүр сілкіндіретін ғылыми зерттеу алдағы бес жылда пайдалануға жарамақ деп күтіліп отыр.

 Ербол Медетбек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматы саябақтарында жазғы буккроссинг алаңдары ашылады

Новости партнеров