Алматылық оқытушылар кәсіби біліктілігін қалай арттырып жатыр

Жиында STEM-сабақты жобалау және пәнаралық байланысты арттыруға бағытталған тың тәсілдер ұсынылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық оқытушылар халықаралық тәжірибе негізінде кәсіби біліктілігін арттырып жатыр. Бүгін шаһарда мұғалімдерге арналған ауқымды басқосу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оңтүстік Корея, Жапония және Сингапур елдеріндегі білім берудегі заманауи өзгерістерді зерделеуге арналған жиында STEM-сабақты жобалау және пәнаралық байланысты арттыруға бағытталған тың тәсілдер ұсынылды. Іс-шара қалалық Білім басқармасы мен білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының бастамасымен өтті.

Семинардың негізгі мақсаты – халықаралық тағылымдама барысында жинақталған тәжірибені Алматы мектептерінің оқу үдерісіне енгізу. Жиында STEM және STREAM технологияларын сабақта қолдану, пәндерді кіріктіре оқыту, оқушылардың зерттеушілік және шығармашылық қабілетін дамыту жолдары талқыланып, жан-жақты қарастырылды. Аталған семинар 3 кезең бойынша ұйымдастырылған.

«Қорытынды каскадты оқыту семинарымыз нағыз кері байланыс ретінде, осы оқыған мұғалімдеріміз қаншалықты меңгере алды деген мақсатта ұйымдастырылып отыр. Яғни, бүгін практикалық жұмыс жасай отырып, өздері де осы практикалық жұмысқа үлесін қосады», – деді Білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері Назима Жақыпова.

«Оңтүстік Корея, Жапония және Сингапур елдерінде тәжірибеден өтіп келдік. Халықаралық тәжірибе негізінде көптеген озық тәжірибені жинақтай отырып, Алматы қаласының үздік физика пәні мұғалімдеріне үйретіп жатырмыз.Бүгін 4 аудиторияға бөлінген үлкен каскадты семинар өтіп жатыр», – деді № 57 жалпы білім беретін мектептің физика пәні мұғалімі Жасұлан Жұмахан.

Семинар барысында математика және жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдері үшін тәжірибелік сессиялар ұйымдастырылды. Қатысушылар интеграцияланған сабақтарды жоспарлау, жобалық оқыту элементтерін қолдану және цифрлық білім беру ресурстарын тиімді пайдалану бойынша тәжірибе алмасты. Сондай-ақ топтық жұмыстар арқылы STEM-сабақтың құрылымын жасап, пәнаралық байланысқа негізделген шағын жобаларды қорғады.

«Көп мұғалімнің көкейінде жүрген сұрақ менде де бар еді. STEM пәндерін қалай кіріктіруге болады, оқыту кезінде неге басты назар аудару қажет деген сұрақтарға жауап алдым. Қорытынды семинарға келіп, келешекте сабағыма нақты қолдана алатыныма көзім жетті», – деді № 202 мектеп-гимназиясының оқытушысы Таңнұр Бақытқазы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай каскадты оқыту семинарлары педагогикалық қауымдастықтың кәсіби өсуіне серпін береді. Сондай-ақ білім беру сапасын арттырумен қатар, оқыту жүйесінің тұрақты дамуына нақты қадам жасайды.

Айта кетейік, бүгінгі іс-шараға 300-ге жуық ұстаз қатысты. Семинар соңында оларға арнайы сертификаттар табысталды.

Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: 2026 жыл Цифрландыру және ЖИ жылы деп жарияланды

 

 

Новости партнеров