Алматылықтар ипотеканы төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен рәсімдей алады

Елде ипотеканы арзандату мәселесі көтерілгенімен, сарапшылар бұл бастаманың қарапайым халыққа айтарлықтай жеңілдік әкелетініне күмәнмен қарайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар ипотеканы енді төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен рәсімдей алады. 1 шілдеден бастап елімізде тұрғын үй несиесінің шекті мөлшерлемесі 25-тен 20 пайызға дейін төмендейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп, қаулы жариялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Баспана алуды жоспарлаған азаматтарға енді бастапқы жарнаны көбірек жинаудың маңызы арта түспек. Өйткені елімізде ипотека рәсімдеу тәртібіне өзгеріс енгізіледі. Бұған дейін пәтер алу үшін несиеге ортақ шекті мөлшерлеме 25 пайыз болып келсе, жаңа ереже бойынша 20 пайызға төмендемек. Егер қарыз алушы үй құнының 30 процентін немесе одан да көп бастапқы жарна жинаса, ипотеканың ең жоғары мөлшерлемесі 20 проценттен аспайды. Ал алғашқы жарна 30 пайызға жетпеген жағдайда, банктер бұрынғыдай 25 пайызға дейінгі мөлшерлемені қолдана алады.

«Ипотека– ұзақ жылдық кредит. Оның пайыздық мөлшерлемесі қымбат болса, ол адамдарға дефолт көп туғызады. Өйткені оны адамдар төлей алмайды. Сондықтан дәл осы кезде әлеуметтік жүктеме берілген банктерге. Екінші жағынан, ипотека ликвидті кредит деп саналады. Өйткені оған кепіл қойылады. Банктердің ипотека беру динамикасын қарау керек. Дәл осы ереже жұмыс істей бастаған уақыттан бастап. Түсіп кете ма? Түспей ма? Банктерге бұл қызық бола ма? Соны көруіміз керек», – деді экономист Айбар Олжай.

Елде ипотеканы арзандату мәселесі көтерілгенімен, сарапшылар бұл бастаманың қарапайым халыққа айтарлықтай жеңілдік әкелетініне күмәнмен қарайды. Олардың айтуынша, жылдық мөлшерлеме 20 пайыз болғанның өзінде 7-8 жылдан кейін қайтаратын қаржы бірнеше есе ұлғаяды. Сондай-ақ шілде айынан бастап банктер ипотека рәсімдеу талаптарын күшейтпек. Енді қарыз алушылардың табысы, несиелік жүктемесі мен төлем қабілеті жіті тексеріледі.

«Қазір ипотеканың орташа мөлшерлемесі 25 пайыз. Егер оған бастапқы жарнаны қоссақ, адам 6–7 жылдың ішінде тағы бір дәл сондай пәтердің құнын артық төлеп шығады. Енді мөлшерлеме 25 пайыздан 20 пайызға төмендеді делік. Бірақ бұл жағдайды түбегейлі өзгертпейді. Тек төлем мерзімі сәл ұзарады. Мұнда тағы бір маңызды мәселе бар. 20 пайыздық мөлшерлеме көбіне бастапқы жарнасы бар, қатаң тексеруден өткен азаматтарға ғана қолжетімді болуы мүмкін», – деді  Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко.

Сонымен қатар тұрғын үй нарығының сарапшылары ипотекалық несиенің арзандағаны тұрғын үй бағасына әсер етпейді деп отыр. Олардың айтуынша, қазір пәтер құны инфляция деңгейінде ғана өсіп жатыр. Ал ескі пәтерлерге сұраныс сиреген. Себебі көпшілік жеңілдік пен бөліп төлеу қарастырылған жаңа баспаналарға басымдық беріп жатыр.

Мәди Мәлік. Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Алатау ауданында мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті

Новости партнеров