Алматылық жас өрендер Малайзияда өтіп жатқан әлем чемпионатына аттанды

Олар муай тай спорт түрі бойынша бақ сынайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық жас өрендер Малайзияда өтіп жатқан әлем чемпионатына аттанды. Олар муай тай спорт түрі бойынша бақ сынайды. Бұл жарыс – осы бағыттағы ең беделді додалардың бірі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазақстанда муай тай соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Спортшылар Азия және әлем чемпионаттарында бақ сынап, жүлде алып жүр. Жастар бұл спорт түрін өзін-өзі қорғау, тәртіп пен физикалық қайсарлық үшін таңдайды. Бұл алаңдағы айбынды жеткіншектер тек медаль үшін емес, Қазақстанның абыройы үшін күреседі.

Үздіксіз жаттығу, тынымсыз еңбек пен жарыс алаңы. Бір қарағанда бұл жекпе-жекке шығатын қарапайым спорт түрі секілді көрінеді, әрине. Бірақ муай тай – күш пен төзімділіктің, тәртіп пен мінездің мектебі. Таиландтан бастау алған бұл жекпе-жек өнері бүгінде әлемнің көптеген елінде дамып келеді. Соның ішінде қазақстандық спортшылар да халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Еліміз муай-тай бойынша әлемдік топ-10-дықтың қатарына кіреді. Бүгінде ұраны мен ұстанымын болашағына байлап, «Ел намысын қорғаймын» дейтін батыл да шымыр азаматтар өсіп келеді.

«Алты жасымнан бастап жарыстарға қатыса бастадым, 31 жүлдем бар. Алтын –15, ал күміс – 10, 8 қола медель бар. Болашақта менің мақсатым – муай тайдан әлем чемпионы болу және спорт шеберлігін алу», – деді жас спортшы Тәңірберген Балғали.

  Мұнда 60-тан аса жеткіншек жаттығады. Бұл спорт тек сұңғақ бойлы, шымыр жігіттерге арналмаған. Қатарда өр рухты қыздар да бар. Жасөспірімдер осы уақытқа дейін бірнеше халықаралық жарыста бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінген. Десе де кіп-кішкентай жұмыр жүректері ұлы арманға толы.

«Алты жыл аралығында мен екі дүркін Қазақстан чемпионы атандым. Әлем чемпионы болып, Қазақстанның туын желбіретуге дайындалып жатырмын», – деді жас спортшы Рүстем Жеңісбек.

Малайзияда муай тай бойынша әлем чемпионаты өтіп жатыр. 13 пен 16 жас аралағындағы дүниежүзінің түкпір-түкпірінен бас қосқан спортшылар жеңіске таласады. Маңызды спорттық сайысқа қазақстандық жеткіншектер де аттаныпты. Тілектес Оспанов 15 жылдан бері муай тай бойынша бапкерлікпен айналысады. Осыған дейін бірнеше шәкірттің бұғанасын қатырып, буынын бекіткен.

«Муай тай спортымен жастар көп айналысады, жақында ғана Қазақстан чемпионатында болдық. 360-тан аса бала келді, іріктеуден өткендер Әлем чемпионаты атағын алады, Алла бұйыртса. Ең бірінші мақсатымыз – чемпион шығару емес, жақсы тәрбие беру, дисциплинаға үйрету», – деді муай тай бапкері Тілектес Оспанов.

Сондай-ақ биыл әлемнің ең мықты жас муай тайшылары Грекияда бас қосады. Жүздеген спортшы өз елінің намысын қорғайды. Біздің батыл жеткіншектер де бақ сынамақ. Олар әлемдік аренада көк туды желбіретіп, қазақ спортының әлеуетін тағы бір мәрте көтеруге ниетті.

Айдана Шалқар, Ханкелді Ахметхан

Оқи оырыңыз: Қазақстан боксшылары әлем кубогының екінші кезеңін сәтті бастады

 

 

 

Новости партнеров