Алматының Абай алаңында қолөнершілер жәрмеңкесі өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Абай алаңындағы мейрам әлі де жалғасуда. Дәл қазір онда эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Абай алаңына жиналған жұрттың қарасы қалың. Қала тұрғындары мен қонақтарын тек концерттік бағдарлама ғана емес, сонымен қатар қолөнершілер жәрмеңкесі де қызықтырып отыр. Түске дейін мұнда алты елден келген шеберлер өз туындыларын ұсынған болатын. Ал қазір сахнада еліміздің танымал әртістері мен шығармашылық ұжымдарынан құралған топ өнер көрсетуде.

Атап айтар болсақ, Айгүл Үлкенбаева, Мөлдір Әуелбекова, Нұрсұлтан Нұрбердиев, сондай-ақ заманауи орындаушылардан Айри, Nurbullin, Сәбира Садырқожаев, Айбар Санбай, «Әгугай» ансамблі, «Сардар» этно-ансамблі, «Сақ» тобы сияқты жұлдыздар ән-күйден шашу шашуда. Гала концертте жергілікті тұрғындардан бөлек, өзге аймақтан келген азаматтар да бар.

«Есік қаласынан келдік. Баршаңыздың отбасыңызға амандық, ел іргеміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Наурыздан наурызға жете берейік. Барлығымыз аман болайық!» – деді Есік қаласының тұрғыны Серікбек Қожанов.

Абай алаңында күні бойы ұлттық құндылықтар, достық пен ынтымақ дәріптеліп, кең насихатталды. Іс-шара мұнымен тоқтамайды. 23 наурызға дейін мұнда Түркі әлемі халықтарының көрме-жәрмеңкесі өтетін болады. Яғни, Түркия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан келген қолөнер шеберлері бірегей бұйымдарын ұсынады. Көрме-жәрмеңкеде қонақтар Әзірбайжанның қолмен тоқылған кілемдері мен витраждық өрнектерін, Түркия мен Өзбекстанның керамикасын, Тәжікстанның чакан бұйымдарын, Қырғызстанның киізден жасалған шырдақтарын және Қазақстанның текемет, құрақ, зергерлік өнер туындыларын тамашалай алады.

Оқи оырыңыз: Цифрлық Наурыз: Алматыда жасанды интеллект мерекелік бағдарламаға қалай енгізілді

Новости партнеров