Алматының Астана алаңындағы эстрада жұлдыздарының концерті өтіп жатыр

Нағыз той-думанның қызған ортасына айналған Астана алаңында алты тақырыптық киіз үй бой көтерген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Астана алаңындағы мерекелік думан әлі жалғасып жатыр. Эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтіп жатқан концерт 22:00-ге дейін жалғасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматылықтар қаланың сегіз ауданында Ұлыстың ұлы күнін таң атқаннан бастап ерекше сән-салтанатпен атап өтіп жатыр. Мегаполистегі басты мерекелік орындардың бірі – Астана алаңы сан түрлі интерактивті аймақтармен көмкеріліп, мерекелік көңіл-күйді еселей түскен. Көктемнің шуақты лебін сезінуге келген тұрғындардың қарасы қалың. Ұлыстың ұлы күнінде бір-біріне ақ мол болсын деп ақжарма тілектерін жаудырып жатыр.

«Алматы қаласының тұрғындарын қазағымыздың жаңа жылы Наурыз мейпамымен құттықтаймын! Жұмыста жетістік тілеймін! Концерт өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Осы концертті ұйымдастырып жатқан барша Алматы қаласының әкімшілігіне рахмет айтамыз! Халықтың көңіл-күйі өте жоғары», – деді қала тұрғыны Жанна Рүстем.

«Жеті жылдан астам Анталияда тұрамын. Наурызға ұшып келдім. Осында 3 шөберем  Алматыда тұрады. Сондай бақыттымын! Мынау ел-жұртымыздың көк байрағы ылғи биіктен түспей, көкке көтеріле берсін! Қазіргі заманда бейбітшілік болсын! Алла нәсібемізді молайтып, ақ мол болсын!» – деді қала қонағы Рахат Ақанқызы.

Нағыз той-думанның қызған ортасына айналған Астана алаңында алты тақырыптық киіз үй бой көтерген. Әрқайсысының өзіндік атауы бар, әрқайсысы өзіндік мазмұнға ие. Мәселен, «Ұлы дала әуені» киіз үйінде Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақан сері, Біржан сал сынды тарихи тұлғалардың музыкалық аспаптары көпшілік назарына ұсынылған.

«Робо-киіз үйде» келушілер заманауи робототехника саласындағы тың жобалармен танысу мүмкіндігіне ие. Мұнда роботтар турникке тартылып, өз мүмкіндіктерін паш етуде. Сонымен қатар, дүниежүзілік ғарыш олимпиадасына әзірленген зымыран үлгілері де көрмеге қойылған.

«Халықаралық деңгейде орындаған командалар жиналған. Неше түрлі жасанды интеллектпен жобалар жасалып, роботтардың жарыстарын көрсетіп, халықты барынша робототехника әлемімен таныстырып жатырмыз. Басты ерекшелік – бізде балалар барынша виртуалды ойындар жасап, неше түрлі роботты көрсетуде. Алдағы уақытта мамыр айында Америкада өтетін жарысқа дайындалып жатырмыз», – деді робототехник Мира Демеуғалиева.

 Астана алаңында көрермендер үшін сахна төрінде отандық эстрада жұлдыздары әсем әннен шашу шашып жатыр. Атап айтсақ, Медеу Арынбаев, Сәкен Майғазиев, сондай-ақ Дос-Мұқасан, KeshYOU және Алашұлы топтары да өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленуде.

Наурыз – халықаралық сипат алған мереке болғандықтан, бүгінгі думанға арнайы қонақ та шақырылған. Ол – әзірбайжандық әнші Роза Зергерлі. Сол себепті көктемнің шуақты көңіл-күйін сезініп, ұлттық думанның куәсі боламын десеңіздер, әлі де кеш емес. Себебі кешкі сағат 22:00-ге дейін Астана алаңында Ұлыстың ұлы күнін ұлықтаған мереке жалғасады.

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды алматылықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров