Алматының болашақ сәулеті халықаралық форумда талқыланды
Алматыда SHARE Kazakhstan халықаралық сәулет форумы өтіп жатыр. Әлемнің жетекші сәулетшілері мегаполистің болашақ келбеті, биік ғимараттардың қауіпсіздігі, тарихи нысандарды сақтау және заманауи қоғамдық кеңістіктерді дамыту мәселелерін талқылады. Шетелдік мамандар қаланың табиғи ерекшелігі мен сәулеттік мұрасын Алматының басты артықшылықтарының бірі ретінде атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматының жаңа бас жоспары шетелдік сәулетшілердің қызығушылығын тудырды. Мамандар қаланы полицентрлік жүйе бойынша дамыту тұжырымдамасын қолдап, оның әр ауданда дербес орталықтар қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты. Ал сәулет саласындағы халықаралық сарапшы Флорин Миндириджиу мегаполистің табиғи әлеуеті мен соңғы жылдардағы сәулеттік өзгерістеріне оң баға берді. Оның пікірінше, жаңа жобалар қаланың табиғи келбетімен үйлесіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруы керек.
«Алматының табиғаты ерекше. Қаланы таулар қоршап жатыр, өзендері мен көркем табиғи ландшафты – үлкен артықшылық. Форумда таныстырылған жобалардан сәулетшілердің осы ерекшеліктерді ескергенін байқадым. Бұл форумның мақсаты – әр елдің сәулет шеберлерін бір арнаға тоғыстырып, ой алмасу, жобаларын талқылау және қалалардың ұтымды дамуына үлес қосу», – деді SHARE Architects халықаралық кәсіби сәулет форумының негізін қалаушылардың бірі Флорин Миндириджиу.
«Алматының ең ерекше тұсы – қаланың қай бөлігінде жүрсеңіз де, тауды көре аласыз. Мұндай мүмкіндік кез келген қалада кездеспейді. Сондықтан жаңа ғимараттарды жобалағанда осы көріністі сақтау маңызды. Қаланың тарихи бөлігіндегі аласа құрылыстарды сақтап, жаңа жобаларды орталықтан тыс аумақтарда дамыту қажет деп ойлаймын», – деді Оңтүстік Кореядан келген сәулетші Джей Дык Ю.
Сәулетшілер жаңа құрылыстардың табиғи ортаға бейімделуіне де назар аударды. Мамандардың айтуынша, Алматының жер бедері мен тау бөктеріндегі орналасуы жобалау кезінде ескерілуі қажет. Сонымен қатар ғимараттардың қасбеті, жаяу жүргіншілер жолдары мен қоғамдық кеңістіктер тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы болуы керек.
«Алматының жаяу жүргіншілер жолдары мен ескі ғимараттарының орналасуы жақсы ойластырылған. Қазір қала келбеті қарқынды өзгеріп жатыр. Сәулетте ұлттық ерекшелікті көрсету үшін міндетті түрде ою-өрнек қолданудың қажеті жоқ. Оны халықтың өмір салтына, жеке кеңістіктеріне және күнделікті тұрмысына бейімделген шешімдер арқылы да танытуға болады», – деді түркиялық сәулетші Эфлатун Фикрет Оно.
Форумға қатысушылар халықаралық тәжірибені жергілікті жағдайға бейімдеудің маңызын да атап өтті. Бірі биік ғимараттардың қауіпсіздігіне, енді бірі қоғамдық кеңістіктер мен көлік инфрақұрылымының сапасына назар аударды. Мамандар қала келбетін жаңартуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Солардың бірі – әлемге танымал Zaha Hadid Architects сәулет бюросының қатысуымен әзірленген жоба. Оның құрылысы 2027 жылдың ақпанында Алматының орталығында басталады деп жоспарланған.
«31 қазанда Үкімет жаңа бас жоспарды бекітті. Бұл қаланы дамытуға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асыруға дайын екенімізді көрсетеді. Сондықтан дәл қазір мұндай форумның өтуі өте маңызды. Жергілікті құрылыс салушылар сәулеттегі қазіргі үрдістерді, ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың жаңа тәсілдерін білуі керек. Біз форум алаңдарында осы мәселелерді талқылап, тың идеялар мен шешімдерді қарастырамыз», – деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Сәдуов.
Екі күнге созылған SHARE Kazakhstan форумы сәулет саласындағы халықаралық тәжірибені ортаға салып қана қоймай, Алматының келешек келбетін қалыптастыруға қатысты тың ұсыныстарды талқылауға мүмкіндік берді.
Әйкерім Пернебек. Ялкунжан Әшімжанов. «Алматы» телеарнасы.