Референдумға дейін:
10
күн
8
сағат
47
минут

Алтын алаша – күміс кілем: Сыр өңірінде республикалық фестиваль өтті

Еліміздің әр түкпірінен келген 50-ге тарта шебер ұршық иіру, киіз басу, текемет тоқу мен сырмақ сырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаһандануға жұтылмау үшін жұрттың жадын жаңғыртып отыру маңызды. Ұмыт қалғанды ұлықтау арқылы ұлттық колориттің жай ғана бояу емес, болмыстың өзі екенін ұғындыру. Сыр өңірінде өткен «Алтын алаша – күміс кілем» республикалық фестивалі соның дәлелі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тұлпардың тұрпатын тұтас кілемге түсірген Інжу Боранбай Жалағаштың тумасы. Оқушы қыз текемет пен сырмақтың әліппесін әжесінен үйренген. Әже мектебін меңгерген ол әрбір оюдың сырын жете түсінеді. Ендігі арманы – шағын шеберхана ашу. Осылайша «Қазақтың төлөнерін төрткүл дүниеге танытсам» дейді.

«Бос уақытымда басқа балалар секілді ұялы телефон ұстамаймын. Керісінше бос уақытымды кілем тоқуға жұмсаймын. Келешекте қазақтың қолөнерін әлемге танытқым келеді. Кілем тоқу қатты ұнайды. Тоқу оңай болғандықтан, қызығып үйрендім», – деді оқушы Інжу Боранбай.

Темірдің тілі шыққан, техниканың дәурені жүрген тұста қолдың табы, жүректің жылуы сіңген бұйымдар кенжелеп қалғаны рас. Бірақ тамырын тереңге жайған өнер өлмейді. Ақтөбеден арнайы келген алпысты алқымдаған Қалимаш Керімбердиева – соның дәлелі. Алты жасынан ұршық ұстап, киіз үйдің бау-шуын, басқұр мен желбауын тоқып өскен. Ол үшін бұл – кәсіп емес, аманат.

«Қазіргі уақытта тоқып отырғаным ақбау деп аталады. Ағаш үйдің сыртында тұрады айқасып. Бұл ою жүзбасы деп аталады.  бір апта, 10 күнде тоқуға болады, анық тоқысаң. Мүйіздерді салып, әдемілеп тоқуымыз керек. Бұл ақбаулардың метрі әр қилы болады. Мысалы 6 қанатқа ақбау тоқитын болсақ, 9 метр кетеді. Ал 8 қанатқа 12 метр тоқимыз», – деді шебер Қалимаш Керімбердиева.

«Осы алашаға, кілемге байланысты ұршыққа жүн қай уақытта қырқылады, қандай қырқылған жүннен иіріледі? Соның технологиясын зерттеп, көрсетіп, фестиваль арқылы жұмысымызды, ғылыми тәжірибелерімізді толтыруға келдік», – деді  «Ұршық» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бибігүл Кәрденова.

Көрме-жәрмеңкеде шеберлер бұйым сатумен шектелген жоқ. Бір мезетте ұршық иіріп, сахнаның сәнін кіргізді. Еліміздің әр түкпірінен келген 50-ге тарта шебер ұршық иіру, киіз басу, текемет тоқу мен сырмақ сырудың көнеден келе жатқан әдістерін бөлісті. Басқосудың басты мұраты – осы. Тәжірибе алмасу арқылы өнердің отын өшірмей, өрісін кеңейту. Әрі осы аманатты арқалайтын жас буынды баулу. Сонда ғана алаша – алтын, кілем – күміс болып қала бермек.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы

Оқи отырыңыз: Рамазан: жолдағы кедергіні жою – иманның белгісі

Новости партнеров