Конференция соңында қатысушылар Қазақстанның ұлттық тағамдарынан дәм татты
Астанада өткен Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумның қорытындылары ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде өткен халықаралық конференцияда таныстырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Өркениеттер арасындағы халықаралық диалог күніне орай ұйымдастырылған «Жібек жолының мұрасы, саяхат пен дәстүр: мәдениетаралық диалог бағында» атты конференцияға ЮНЕСКО басшылығы, Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің елшілері, тарихшылар мен мәдени мұра саласының сарапшылары қатысты.
Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов өз сөзінде еліміздің Жібек жолының дамуына қосқан үлесін және оның экономикалық әрі мәдени байланыстарды нығайтудағы рөлін атап өтті.
Елші конференция қатысушыларын 2026 жылғы 19–20 мамырда Астанада өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның нәтижелерімен таныстырды.
Оның айтуынша, симпозиумға Азия, Еуропа, Америка және Таяу Шығыстың 20-дан астам елінен 300-ден астам делегат қатысқан. Бұл Алтын Орда мен Ұлы Дала тарихын зерттеуге халықаралық ғылыми қауымдастықтың қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.
Асқар Абдрахманов Алтын Орда дәуірінде Жібек жолының солтүстік тармағы арқылы Қытай жібегі, Үндістан дәмдеуіштері, Ресей аң терілері, Орталық Азия жылқылары мен Еуропа және Таяу Шығыс елдерінің қолөнер бұйымдары тасымалданғанын атап өтті.
Сондай-ақ Жошы Ұлысының экономикалық қуаты оның билеушілері атынан соғылған көптеген теңгелер арқылы да көрініс тапқанын айтты. Бүгінде Еуразияның әр өңірінен табылып жатқан осы теңгелер сол дәуірдегі сауда және мәдени байланыстарды тереңірек зерттеуге мүмкіндік беріп отыр.
"ЮНЕСКО қамқорлығымен өткен Алтын Орда мұрасы жөніндегі ауқымды симпозиум халықаралық ғылыми қауымдастықтың Еуразия мен Ұлы Даланың ортақ тарихын кең әрі жаңа көзқараспен зерттеуге жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетті", – деді дипломат.
Ол ЮНЕСКО басшылығына Қазақстан бастамасына қолдау көрсеткені, симпозиум жұмысына белсенді қатысқаны және ғылыми пікірталастарға үлес қосқаны үшін алғыс білдірді.
Өз кезегінде симпозиумға қатысқан Лазар Элунду Ассомо іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай бастамалар Еуразия халықтарының адамзаттың ортақ мәдени мұрасына қосқан үлесін жан-жақты зерттеуге жол ашады.
Конференция соңында қатысушылар Жібек жолы елдерінің, соның ішінде Қазақстанның ұлттық тағамдарынан дәм татты.
Оқи отырыңыз: Summer Fest: Алматыда музыкалық фестивалі басталды