Алтын Орда тарихы: Астанада 25 елдің ғалымдары бас қосады

Екі күнге созылатын жиында тарихшылар Алтын Орда кезеңіне қатысты соңғы жаңалықтарды жариялайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

19-20 мамыр күндері Астанада Алтын Орда тарихын зерттеуге арналған ауқымды халықаралық симпозиум өтеді. Шараға әлемнің 25 елінен, соның ішінде АҚШ, Англия, Франция, Қытай және Украинадан келген белгілі ғалымдар мен сарапшылар қатысады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Симпозиум барысында Алтын Орда мұрасы мен оның Орталық Еуразия өркениетінің қалыптасуындағы рөлі кеңінен талқыланады. Сонымен қатар халықаралық жиында тың тарихи деректер мен жаңа зерттеулер көпшілік назарына ұсынылмақ. Мамандардың пікірінше, мұндай маңызды шараны Қазақстанда өткізу еліміздің халықаралық ғылыми беделін нығайтып, отандық тарих ғылымының дамуына жаңа серпін береді.

Дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы жиынның тарихи шындықты қалпына келтірудегі маңызы зор екенін атап өтті.

«Қазақстанның осындай дүниеге бастамашы болуы – еліміздің Алтын Орда мемлекетінің мұрагері, мың жылға жуық тарихтың жалғасы екенін көрсетеді. Жиында көптеген өзекті мәселе айтылып, жаңадан жарыққа шыққан тарихи шындық талқыланады деген ойдамыз. Ғылыми симпозиумның негізгі мақсаты да – ғылыми мәселелерді терең талдау. Сондықтан бұл шара отандық ғылымды жаңғыртуға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы.

Еске сала кетейік, екі күнге созылатын жиында тарихшылар мен деректанушылар Алтын Орда кезеңіне қатысты соңғы археологиялық және архивтік жаңалықтарды жариялайды.

Оқи отырыңыз: Фараби әлемі: Алматыда халықаралық конференция өтті

Новости партнеров