Қазақстан Халық кеңесі қоғамдық диалог пен халық бірлігінің құралына айналады

Халық кеңесінің мүшелері де, төрағасы да 4 жыл мерзімге сайланады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Халық кеңесінің» мүшелері жалақы алмайды. Өйткені, олар қоғамдық негізде жұмыс істейтін болады. Оның құрамына ұлттық-мәдени орталықтар, қоғамдық бірлестіктер мен аймақтар ұсынған азаматтар ғана кіреді. Жалпы Халық кеңесінде 126 адам болады. Бірақ соңғы тізімді Президент бекітеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Халық кеңесіне «ең беделді қазақстандықтар» ғана кіреді және олар жалақы алмайды. Өйткені, олар қоғамдық негізде жұмыс істейтін болады.  Депутат Ерлан Саиров осылай дейді. Халық қалаулысының «беделді» дегені қоғамдық-саяси салмағы бар адамдар мен қоғам белсенділері, кәсіпкерлер екен. Сөзінше, кез келген адам кеңеске мүше бола алмайды.

«Әрбір азамат үмтікер бола алмайды. Бұл тек қана белгілі бір қоғамдық ұйымның немесе мәдени ұйымның және аймақтардағы мәслихаттар мен қоғамдық кеңестің атынан ұсынылуы қажет», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

 Халық кеңесі – конституциялық орган. Ол Құрылтайға заң ұсынып,  референдум өткізуге бастамашы бола алады. Сондай-ақ елдің ішкі саясаты бойынша барлық мәселеге қатысты өз ұсынысын беруге құқылы. Құрамында төрағасын қосқанда 126 адам болады. Төрағасын Президент ұсынғанымен, кеңес мүшелері сайлайды.

«Халық кеңесінің төрағасы қоғаммен жұмыс істей алатын және халықтың арасында саяси-қоғамдық салмағы бар Қазақстан Республикасының азаматы болуы қажет», – деді  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Халық кеңесінің мүшелері де, төрағасы да 4 жыл мерзімге сайланады. Институтты бір адам екі рет қана басқарады. Одан артық сайлана алмайды. Әділет министрі «аталған кеңес мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайды, олардың функцияларын қайталамайды» дейді.

«Қазақстан Халық кеңесіне әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін ұйымдастыру және өткізу функциясы жүктелетінін ерекше атап өткім келеді. Астана қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл съезд – конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық диалог алаңы ретінде орныққан. Аталған ұсыныс Кеңестің мақсаттарына толық сай келіп, оның қызметінің жалпы логикасымен үйлеседі», – деді ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев

Халық кеңесінің сессия жылына кемінде бір рет өтеді. Яғни барлық маңызды мәселелер осы жиында қаралады. Қажет болған жағдайда оны бірнеше рет өткізуге болады. Депутат Ерлан Саиров бұл институт шалғайдағы ағайынның үнін билікке жеткізеді деп отыр. Сондай-ақ ол кеңес мүшелері өзінің өкілеттігін асыра пайдаланса немесе этика бұзса, өкілеттігі тоқтатылатынын айтты.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Алматы қаласының мәслихатына жаңа депутат сайланды

Новости партнеров