Амал мерекесі: маңғыстаулықтар Отпан тауда бас қосты

Шараның басты ерекшелігі – «Бірлік оты» жағылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстаулықтар биыл да әдеттен жаңылмай Амал мерекесін қара таудың ең биік шоқысы - Отпан тауда тойлады. Жиналғандар алдымен бірлік пен ықтымақтың символына айналған «Бірлік отын» жақты. Артынан аламан бәйге, құнан жарыстар ұйымдастырылды. Көрісу күнін атап өтуге алыс-жақын шет елдерден де меймандар барған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Амал мерекесі – Наурыз мейрамының басы. Бұл күні аймақ тұрғындары таңнан бастап көрші-көлеммен, ағайын-туыспен көріседі. Ал мерекелік шара Отпан таудың басында ұйымдастырылады. Биыл да дәстүр жалғасып, қара таудың басына дүйім жұрт жиналды. Шараның басты ерекшелігі – «Бірлік оты» жағылды.

Амал мерекесі жылдан жылға ауқымы кеңейіп, халықаралық деңгейде аталып өтуде. Бұл жолы да бауырлас түрік, әзербайжан, өзбек, қырғыз елдерінен делегация келіп, шараның маңызын арттыра түсті.

«Амал мерекесін көру үшін Қазақстанға алғаш рет Ыстамбұлдан арнайы келдім. Таудың басы салқын болса да, жергілікті халықтың ыстық ықыласына көңілім марқайып тұр. Ақ жаулықты аналар байқауын тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм таттық», деді турист Энес Аль.

Мерекелік шара театрландырылған қойылыммен және «Ана жүрегі – мейірім мекені» атты аналар фестивалімен де ерекшеленді. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті.

«Қазақстан бірлігімен, татулығымен, бейбітшілігімен ерекшеленеді. Бүгінде күн ерекше жарқырап, халықтың барлығы көңіл күйі тамаша», деді ҚР Мәдениет қайраткері Нұрнияз Мұқанов.

Аламан бәйге, топ бәйге, құнан жарыс, қазақ күресі сияқты ұлттық спорттық сайыстар мерекені қыздыра түсті. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. 

Оқи оытырыңыз: Наурызнама: Көктөбедегі Көрісу күнінде екі мыңға жуық алматылық бас қосты

 

 

 

 

 

Новости партнеров