Аңсаған сәби: елімізде қанша бала дүниеге келді
Атырау облысында 1180 келіншек есепте тұр
Атырау облысында нәресте сүйе алмай жүрген ата-аналар саны көбейіп келеді. Қазір 1180 келіншек есепте тұр. Елдегі әр алтыншы отбасы осы мәселеге тап болып отыр. Мамандар «экологияның нашарлауы, жастардың денсаулығының әлсіздігінен ұрпақ сүйе алмайды» дейді. Осы мәселені шешу үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылған. Теңдесі жоқ жоба бүгінде талай сәби аңсаған отбасылардың үмітін қайта жақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атыраулық Индира Тұрсынбайдың отбасын құрғанына 6 жыл болған. Бүгінге дейін нәресте сүйе алмай, талай дәрігердің табалдырығын тоздырған. Ана бақытын аңсаған келіншек осыған дейін ақылы түрде ЭКО жасатқан. Бірақ нәтиже болмапты. «Енді қайтсем?» деп жүргенде «Аңсаған сәби» бағдарламасына ілініп, үміт оты жана түскен.
«Ата-ана атануды, сәби сүюді армандап жүрміз. Амал жасап, шешім іздедік. Үміт бар. Жалпы түрлі ем-дом шараларын қабылдадық. Талай табалдырықты тоздырдық, басқа қалаға бардық. Емделдік. Біз сияқты отбасылар үшін эко – өте керемет мүмкіндік. Тегін жолдама берілсе құба құп. Себебі процедура аз ақша тұрмайды. Бұл жақсы мүмкіндік деп есептеймін», – деді қала тұрғыны Индира Тұрсынбай.
Елімізде «Аңсаған сәбидің» арқасында 15 мыңға жуық бала дүниеге келді. 2021 жылдан бері бағдарлама шеңберінде экстракорпоральды ұрықтанудың 37 мыңға жуық циклі жүргізіліп, жыл сайын бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін ұлғайтылды. Қазақстанда жасанды ұрықтандыру 1995 жылы басталған. 2010 жылдан бері мемлекет қаржылай көмек көрсетіп келеді. Бұрын жылына 400-500 квота ғана бөлінетін. Ал 2021 жылдан бастап 7 мыңға көбейді. Соның арқасында 3 жылда 5 мыңдай отбасы балалы болды. Бірақ көмекке мұқтаждар әлі де көп.
«Бедеулік бойынша диспансерлік есепте 1180 адам учетта тұр. Квотаны критерий бойынша анықтаймыз. Денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен комиссиядан өтеді. Комиссияға әйелдер алдын ала зерттеліп, анализ тапсырып, келеді. Әйелдердің жыныс мүшелерінің қабынуына байланысты бала көтере алмайды. Түтікшелердің қабынуы, эндокриниктік факторлар әсер етеді», – деді репродуктолог Гүлнәр Есқайырова.
Айта кетейік, «Аңсаған сәби» жобасы 2021–2025 жылдар аралығында жүзеге асырылды. Репродуктивті денсаулықты сақтау, бедеуліктің алдын алу және емдеудің қолжетімділігін арттыру жұмыстары да жалғасып жатыр.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау
Оқи отрыңыз: Дифтерия қандай ауру және одан қалай қорғануға болады