Таразда скутерлер мен мопедтердің қатысуымен 70-тен астам жол апаты тіркелді
Жамбыл облысында жол апаты былтырғымен салыстырғанда 20 пайыз көбейген. Анығырақ айтсақ, 6 айда 900-ден аса жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 84 жолаушы жан тапсырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл Таразда скутерлер мен мопедтердің қатысуымен 70-тен астам жол апаты тіркелді. Салдарынан 1 адам қаза болып, 60 адам жарақат алған. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған 30-ға жуық жеткіншек бар. Сондықтан полиция тарапы рейдтік шараларды күшейткен. Ал қала ішінде қатынаған жастардың басым бөлігінде жүргізуші куәлігі жоқ. Мопедтеріне мемлекеттік тіркеу нөмірін алмағаны тағы бар.
«Мемлекеттік нөмірсіз айдағаным үшін 19 мың теңге, жүргізуші және жеке куәлігім жоқ болғандықтан, 39 мың теңге айыппұл төледім. Скутерімді, мопедімді алып кетуге келіп тұрмын. Мемлекеттік нөмір тағып, жүргізуші куәлік аламын», – деді қала тұрғыны Дамир Азамат.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, жол ережесін өреcкел бұзып, оқиға орнынан қашып кететіндер бар. Олар – 13 пен 19 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер. Оған қоса, ішімдік ішкен жастар да көп кездеседі. Тексеру барысында 220 мопед айып тұрағына қойылған.
«Үш күннің ішінде 59 скутер айыптұраққа қойылды. Оның ішінде 72 азаматқа әкімшілік-құқықбұзушылық бойынша хаттама толтырылды. Алкогольдық ішімдік ішіп алғандар да бар», – деді Патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Рүстем Алтаев.
Аймақта биыл 900-ден аса көлік апаты болған. Бұл қатарда 84 адам қаза болса, 1380 жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Ал департамент мамандары апаттың алдын алу үшін республикалық маңызы бар тас жолдарда 12 бекет орнатып, жүргізушілерге ескерту жасауды жалғастыра береді.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Арал ауданындағы ауылда ауыз су мәселесі шешілді