Арам ас: Петропавлда өнімнен шошқа еті анықталған

17.12.2024 20:14

Биыл уәкілетті органдарға тұтынушылардан 56 мыңнан астам шағым түскен

Петропавлда «халал» сертификаты бар өнімнен шошқа еті анықталған. Бұл туралы Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Болат Танабергенов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Зерттеу нәтижесінде өнімнің талапқа сай емес екені және пайдаланушылардың құқығы өрескел бұзылғаны анықталған. Ал азық-түлікті зерттеу хаттамасында тауардың құрамында тұтынуға тыйым салынған компоненттердің жоғы көрсетілген.

"Заң бұзылғаны анықталып, кәсіпкерлік субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 300 айыппұл салынды. Өнімдердің сәйкестік туралы декларациялары да жойылды. Ал 49 тауар атауы бойынша бұзушылықтар анықталған", – деді  ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Болат Танабергенов.

Биыл уәкілетті органдарға тұтынушылардан 56 мыңнан астам шағым түскен. Жыл қорытындысы бойынша азаматтардың құқығы бөлшек және электрондық саудада, сондай-ақ тұрмыстық қызметтерге жүгінгенде көп бұзылады. Уәкілетті органдар өтініштердің 45 пайызын толық қанағаттандырып, 145 кәсіпкерге 9 миллион теңгеден астам айыппұл салған.

"Тұтынушы құқығын қорғаудың тиімді құралын әзірлеу үшін мемлекеттің, бизнестің және қоғамның бірлескен күш-жігерін талап етеді. Қазіргі тұтынушылар талапшыл келеді. Тауар мен қызмет сапасына да жоғары болуы тиіс. Бұл заңнаманы жетілдіруді ғана емес, сонымен қатар клиенттердің қажеттілігін қанағаттандыру үшін бизнестің тәсілдерін өзгертуді талап етеді", – деді ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Болат Танабергенов.

Оқи отырыңыз: Аты бар, заты жоқ: маңғыстаулықтар ширек ғасыр жөнделмеген көшенің жайын айтты