Археолог тапшылығы: Елімізде көне жәдігерлерді зерттейтін мамандар неге азайып барады

14.08.2026 13:30

Жыл сайын 200-ден астам археологиялық қазба жүргізіледі

Елімізде жыл сайын 200-ден астам археологиялық қазба жүргізіледі. Бірақ жер астынан табылған жәдігерлерді зерттейтін маман тапшы. Бүгінде археологияға қызығатын жастар азайып, кейбір жоғары оқу орындары бұл бағыт бойынша маман даярлауды тоқтатқан.

Археолог болу – Дүрдана Рахыманбергенованың бала күнгі арманы. Бірақ өзі таңдаған университетте бұл бағыт жабылып қалған. Сондықтан тарих пәнінің мұғалімі мамандығын таңдапты. Дегенмен арманынан бас тартпай, далалық экспедицияларға қатысып, тәжірибе жинап жүр.

«Археология мамандығына университетте жоқ. Мен басында археология, антропология сынды ғылым салаларына қызыққанмын. Егер археология мамандығы болғанда, осы салада жұмыс жасап, терең меңгеріп, білім алар ма едім?» – деді студент Дүрдана Рахманбергенова.

 Ал археологтарға жұмыс жетеді. Мәселен, жуырда ежелгі Отырар қалашығынан көне мешіттің орны анықталды. Бұл – алып шаһардың бір бөлігі ғана. Мыңжылдық мұраны бүлдірмей аршып, тарихын анықтау үшін білікті маман қажет. Оның үстіне археологтың жұмысы зертхана мен жайлы кабинетте ғана емес, жаздың ыстығы мен қыстың суығы – экспедицияда кездесетін қалыпты сынақтың бірі.

«Ақтөбеде айналада өрт болды. Сол өрттен сақтанамыз деп лагердің айналасына ор қаздық. Түрлі жағдай кездеседі. Сондайда ойланып, шыдау керек. Жер асты байлығымыз, тарихымыз әлі де басым бөлігі жер астында. Соны зерттеп танытуымыз керек. Ол үшін маман керек», – деді археолог Мұхтар Қожа.

. Қазба – жұмыстың басы ғана. Табылған жәдігер зертханада зерделеніп, мерзімі мен тарихи маңызы анықталады. Бірақ бұл салада да кадр тапшы.

«Үлкен себептерінің бірі – елімізде ғылымды қаржыландыру жағы әлсіздеу. Өйткені нарықтағы бәсекелестікке басқа салалар ұсынатын жалақыға қарағанда ғылыми зерттеу институттарында әлдеқайда төмен болуы мүмкін. Қазақстан аумағы бойынша жыл сайын 200-ден астам қазба жұмысы жүргізіледі. Олардың қаншама антропологиялық материалдары анықталады. Бірақ та оны енді зерттейтін адамдар аз», – деді антрополог Рамазан Жанұзақ..

Мәселе тек білім алып жатқан студенттердің санында емес. Салаға келетін жас маманды ұстап қалу да маңызды. Археологтар шәкіртақыны көтеру, жас зерттеушілерге жағдай жасау қажет. Өйткені жер астындағы жәдігер жүздеген жыл күтуі мүмкін. Ал оны тауып, тарихқа айналдыратын маманды бір күнде даярлау мүмкін емес.

Нұркен Әкімхан, Түркістаннан

Оқи отырыңыз: ҰҒА Жошы ұлысының мұрасын зерттейтін республикалық жұмыс тобын құру ұсынылды

Толық көрсету