Онлайн кезек іске қосылғанымен, ваучерлік деректер әлі берілген жоқ
Балалардың спорт пен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуына арналған мемлекеттік бағдарламада тағы мәселе туындады. Кәсіпкерлер ArtSport платформасынан DamyBala жүйесіне ауысқанда бірқатар олқылық кетіп, салдарынан электронды кезек жойылғанын айтып шағымданды. Ал ваучерлерді бөлу қолмен жүргізіле бастаған екен. Дер кезінде ақпарат ала алмадық деген көпшілік арада бірнеше ай өтсе де, мәселе шешілмегенін айтады. Бұл жағдай кәсіпкерлерге қаржылық шығын әкелсе, үйірмелерге бұрын тіркелген балалардың құқығының бұзылуына себеп болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Соның салдарынан электронды кезек, өтінімдер мен ваучерлердің барлық дерегі жойылып кеткен көрінеді. Содан бері құжаттар цифрлық жүйе арқылы емес, қолмен беріле бастапты. Арада тоғыз айдан аса уақыт өтсе де, электронды кезек толық қалпына келтірілмеген. Қызмет көрсетушілер процесті бақылай алмай қалған, ал балалар тегін қосымша білім алу құқығынан қағылды. Қазір бұл саладағы қызмет «Қосымша» платформасына ауыстырылған. Онлайн кезек іске қосылғанымен, ваучерлік деректер әлі берілген жоқ. Кәсіпкерлердің басты алаңдаушылығы да осы болып отыр.
«Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарлама “Қосымша.kz” платформасы бойынша жүзеге асырылып отыр. Алайда ата-аналардың айтуы бойынша көп баланың заңды тәртіппен алған кезектері келген. Алайда ваучерлерін әлі күнге дейін алмаған. Кәсіпкерлерге күмән келтіріп отыр», – деді ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бөлімінің сарапшысы Гүлжайна Пернебай.
Жүйедегі қателіктің кесірінен жұмысына зиян келгендердің бірі – жеке білім беру орталығының директоры Айлита Бабишева. Айтуынша, олқылық салдарынан шамамен 9 миллион теңгеге жуық қаржысынан қағылған.
«Сіздер түсіну үшін айтайын, 69 ваучер дегеніміз – 69 ата-ана. Олар күн сайын келіп, менен “Бір жылға жуық уақыт өтті, неге әлі қызмет ала алмай отырмыз? Біз кезекте 128-інші болып тұрдық, бірақ әлі кіре алмай жүрміз, ал менің көршім 12 мыңыншы болып кезекте тұрғанына қарамастан, баласын орналастырып қойды”, – деп сұрайды. Ата-аналарда біз балаларға әдейі орын бермей отыр деген ой қалыптасып жатыр. Ал шын мәнінде, керісінше, біз шығынға батып отырмыз», – деді жеке білім орталығының директоры Айлита Бабишева.
Кәсіпкерлердің тағы бір шағымы платформалардың жиі ауысуына қатысты болды. Әр жаңа жүйеге бейімделу үшін біраз уақыт жоғалатынын айтады олар. Сондықтан бір жүйеге тоқталып, соны жетілдірсек, мұндай қиындық болмас еді дейді.
«Бағдарлама басталғалы бері үшінші платформаға өтіп жатырмыз. Олар: “ArtSport”, “DamyBala.kz”, енді “Қосымшаға”. Ең қиыны – неге мемлекет бір платформаны таңдап, бір платформаны жетілдірмейді. Біз бірінші платформадан екінші платформаға көшіп жүрген кезде көптеген оқушымызды жоғалтып жатырмыз», – деді өнер мектебінің директоры Айнұр Зейноллақызы.
Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясының сөзінше, ваучерлердің жойылуына хакерлік шабуылдардың жиілеп кетуі себеп болыпты. Ал платформа толық істен шыққан кезде ата-аналарды “Даму бала” жүйесін жасаған компанияға жібердік дейді. Себебі мәселе дирекцияда емес, платформада туындаған. Десе де, олардан ешқандай жауап болмапты.
«Біз ата-аналардың барлық өтінішін жинап, оларды “Даму бала” жүйесіне жібердік. Мақсатымыз – осы ата-аналардың шынымен кезекке тұрғанын растау еді. Алайда “Даму бала” тарапынан ешқандай жауап болмады, мәліметтердің көшірмесін де берген жоқ. Осыдан кейін ата-аналардың өтініштерін прокуратураға өткіздік, енді ары қарай сол жақта қаралады», – деді «Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясы» мониторинг бөлімінің менеджері Светлана Дюсетаева.
Кәсіпкерлердің айтуынша, қазіргі жағдай тегін білім алуға заңды құқығы бар балалардың да, мемлекеттік қосымша білім беру саясатын адал атқарып жүрген жеткізушілердің де құқығын шектеп отыр. Уәкілетті органдар тарапынан ашықтықтың, цифрлық бақылаудың және құқықтық кепілдіктердің болмауы бұл саладағы мемлекеттік қолдау жүйесіне деген сенімді айтарлықтай әлсіретіп жатыр, – дейді олар.
Мәди Бижан, Данияр Омар, “Алматы” телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Тұрғындар үрей құшағында: Түркістан облысында жаңа үй қирай бастаған