Тұрғындар үрей құшағында: Түркістан облысында жаңа үй қирай бастаған

Жауаптылар екі қабатты үш үйдің бүлінуіне топырақтың дұрыс тапталмауы себеп дейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Үйіміз құлаудың аз-ақ алдында тұр». Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданының тұрғындары осылай деп шағымданып отыр. Айтуларынша, үш жыл бұрын ғана пайдалануға берілген су жаңа баспаналарының қабырғасы қақырай бастаған. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылған жұрт «үйіндінің астында қалармыз» деп жанын шүберекке түйіп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Жылдап жүріп, кезекте тұрып, жеттім-ау дегендегі өз үйім опырылуға шақ тұр». Бұл – Қазығұрт ауданы тұрғындарының жанайқайы. Берілгеніне үш жыл ғана болған қос қабатты үйдің әуелі қабырғаларына сызат түсе бастаған. Енді, міне, дуалдағы жырықтар тереңдей түсіпті.

«Мен түнімен ұйықтамаймын. Түнде жарылған кезде тырс-тырс еткен дауыс шығады. Ертең міндетті түрде өлім керек пе? Менің немерелерімді басып қалса, кім жауап береді?», – дейді тұрғын Айгүл Ергешбаева.

Жұрттың шырылдайтын жөні бар. Себебі былтыр жылдың басында тұрып жатқан үйлерінің қабырғасы опырылып қалған еді. Әкімдік жөндеп бергенімен, арада бір жыл өтпей қайтадан сызат пайда болған.

Ал жауаптылар екі қабатты үш үйдің бүлінуіне топырақтың дұрыс тапталмауы себеп дейді. Сотқа мердігерді беріп қойғандарын айтады.

«Бұл кісілер уәждерін айтып келген кезде «биыл біз ағымдағы жөндеу жұмысын жасап береміз, келесі жылға смета жасап, астының бәрін жасаймыз дедік», себебі мердігердің кепілдік мерзімі жоқ қой. Ал бұл бойынша мердігердің кепілдігі бар. Мердігер міндеттемесін уақытында орындамағаны үшін сот процесі болып жатыр», – деді Қазығұрт аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ермек Момбеков.

Енді мәселе толық шешілгенше, тұрғындар қабырғасы жарылған үйде тұруға мәжбүр.

Оқи отырыңыз: Павлодар облысында әкесі 3 жастағы қызын ұрып өлтірген

Новости партнеров