2019 жылы болған жарылыста 30-ға жуық тұрғынның үйі қираған
Арыс қаласындағы жарылыстан үйлері қираған тұрғындардың кейбірі әлі өтемақы алмаған. Ашынған жұрт «арада 5 жыл өтсе де, шығын өтелмеді» дейді. Ал Түркістан облыстық соты тұрғындардың арызын тыңдап, тараптарды медиациялық келісімге келуге шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
2019 жылы Арыста болған жарылыс Қазақстанды дүр сілкіндірген. Арада бес жыл өтсе де, 30-ға жуық тұрғынның бүлінген мүлкі бүтінделмеген. Арнайы комиссия шығынды есептеген. Бірақ ешкім ат ізін салып, іздемеген жұрт жиналып, облыстық сотқа әділдік іздеп келді.
"Үйдің төбесіндегі ағаштар сынып кетті, байлап қойдық. Бөлмеде отыруға қорқамыз. Үйге біреу келсе, шығарып жібереміз. Үреймен өмір сүріп жүрміз", – деді Арыс қаласының тұрғыны Гүлстан Әбуева.
Тұрғындар қираған мүлкін өздігінше жөндеп алуға қалта көтермейтінін айтты. Себебі қазір құрылыс материалдарының бағасы шарықтап кеткен. Ал Қорғаныс министрлігінің өкілдері медиациялық келісімге келуге ұсыныс білдірген. Шағымданушылар ведомствоның уәжіне де келісіп отыр.
"Талабымыз жартылай болса да орындалды деп ойлаймыз. Себебі жауапкер Қорғаныс министрлігі келісімге келейік, медиация арқылы шешейік деген ұсыныс тастады. Біз оны қабылдадық. 3-4 күннің көлемінде сол туралы сөйлесеміз", – деді қорғаушы Сайын Амагелдіұлы.
Естеріңізде болса, Арыс қаласындағы жарылысқа 16 адам кінәлі деп танылған. Ал нақты шығынды әлі де ешкім дөп басып айта алмайды. Енді арызданған тұрғындардың үні облыстық сотта бастан-аяқ тыңдалмақ.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Тілсіз жау: Қарағанды облысындағы ауыл тұрынғындарына қауіп төнді