Алматыда бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал отбасынан шыққан балалар тегін тамақпен қамтамасыз етіледі
Биыл мектептерде тамақтандырудың жаңа стандарты бекітілді. Өзгерістер тек мәзірге енгізілген жоқ, енді өнімдердің сапасына, теңдестірілген тамақтануға және санитарлық талаптарға ерекше назар аударылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңа ережеге сәйкес, оқушылардың күнделікті рационында көкөністер, жемістер, сүт өнімдері және табиғи ет көбірек болуы керек. Ал газдалған сусындар, фастфуд, құрамында қант және консерванттар көп өнімдер алынып тасталды. Сонымен қатар ыстық тағамдар мен сорпалардың көлемі артып, ерекше диеталық қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы мәзір әзірленген.
«Алатау ауданындағы білім беру объектілеріндегі медициналық қызметкерлері және мектеп асханаларындағы кәсіпкерлер арасындағы стандарттарды енгізу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Ас мәзіріне 75 пайыз табиғи өсімдіктер және жеміс-жидек, көкөніс, бұршақ, сосын жаңғақ, дәндер қосылған», – деді Алатау ауданы санитарлық-гигиеналық бақылау бөлімінің бас маманы Анар Садырбаева.
1 қыркүйектен бастап арнайы комиссия мектептерде бақылау жүргізуді бастады. Олар ас мәзірінің жасалуы мен тамақ дайындау үдерісін, өнімдердің сапасы мен санитарлық жағдайды бақылайды.
Айта кетейік, Алматыда бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал отбасынан шыққан балалар тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
«Мектебімізде 2043 оқушы білім алады. 82 сынып, оның ішінде 1 және 4-сыныптарда 920 оқушы бар. 920 оқушы түгелдей ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Ал аз қамтылған, әлеуметтік осал отбасыдан шыққан 47 бала тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Мектептің асханасында жаңа мектеп болғаннан кейін материалдық-техникалық база өте жақсы жабдықталған», – деді И. Қ. Мандоки атындағы № 154 жалпы білім беретін мектептің директоры Қаламқас Алмасбаев.
Оқи отырыңыз: Жұмысшы мамандықтар жылы: Алматыдағы колледждердің бірінде ресурстық орталық ашылды