Астанада 20 жастағы жігіт тіс емханасында көз жұмды

Туыстарының сөзінше, екінші екпе салынғаннан кейін бала сол жерде жан тапсырған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада 20 жастағы жігіт тіс емханасында көз жұмды. Бұл туралы марқұмның туыстары әлеуметтік желіде хабарлап, оның дәрігер салған екпеден кейін қайтыс болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сөздерінше, стоматолог науқасқа препаратты алдын ала аллергиялық сынамасыз енгізген. Инъекциядан кейін жігіттің жағдайы күрт нашарлап, денесі құрыса бастаған. Соған қарамастан, оған тағы бір мәрте дәрі егілген. Туыстарының сөзінше, дәл осы екінші екпеден кейін ол сол жерде жан тапсырған. Денсаулық сақтау министрлігі аталған жағдайға байланысты стоматологиялық көмекті көрсету стандарттарының сақталуын, лицензиялық және біліктілік талаптарының орындалуын, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін тексеруді бастады.

«Бұзушылықтар анықталған жағдайда белгіленген тәртіппен тиісті шаралар қолданылады. Денсаулық сақтау министрлігі тек ресми ақпараттарға сенуге және тергеу аяқталғанға дейін тексерілмеген мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырамыз», – деді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті басқармасының басшысы Айгүл Ысқақова.

Қазір қайғылы оқиға болған тіс емханасы жабылып, орталықтың есіктері толықтай мөрленген. Полиция аталған дерек бойынша тергеу амалдарының басталғанын мәлімдеп, оқиғаның мән-жайы жан-жақты анықталып жатқанын жеткізді

 «Астана қаласындағы стоматологиялық орталықтардың бірінде 20 жастағы елорда тұрғынының қайтыс болу фактісі бойынша Астана қаласының Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде. Қазіргі уақытта бірқатар тергеу әрекеттері тағайындалды, олардың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», – деді Астана қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің бастығы Эльмира Шәуленова.

Оқи отырыңыз: Астанада тұрғын үй ауласында баланы көлік қағып кетті

Новости партнеров