Астанада қос бірдей мерекеге арналған мәдени іс-шаралар легі басталды

07.05.2025 19:45

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай арнайы мерекелік концерт өтті

Астанада 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңістің 80 жылдығына арналған 100-ге жуық мәдени іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың қатарында мерекелік концерттер, көрмелер, елордалық студенттер мен оқушылар арасында өтетін жеңілатлетикалық эстафета, спектакль премьералары бар, деп хабарлайды  Almaty.TV тілшісі.  

«Астана Арена» стадионының аумағында Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай арнайы мерекелік концерт өтті. Іс-шараға келген халықтың қарасы қалың болды.  

«Барлығы жоғарғы деңгейде өтті, Отан қорғаушылар күніне арналған бүгінгі іс-шаралар ұнап жатыр. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған парад та көңілден шықты. Рақмет, барлығы жоғарғы деңгейде болды. Еліміз азаматтарын осы Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын. Өзім де әскери адаммын, парадты көру үшін отбасыммен арнайы Абай облысы Семей қаласынан келдік. Қазақстанымыз көркейе берсін, өне берсін», - деді Семей қаласының тұрғыны Руслан Айқынбай.

«Бүгінгі концертте жақсы патриоттық әндер шырқалды. Баламызбен келіп, концертті тамашаладық, бізге бәрі ұнады», - дейді қала тұрғыны Бауыржан Айымбетов.

Мерекелік кештің жоғары деңгейде өтуіне ұйымдастырушылар ерекше көңіл бөлген. Қауіпсіздік шаралары сақталып, көрермендерге қолайлы жағдай жасалыпты.

«Бүгін «Астана Аренаның» алдында екі мыңдай жуық тұрғын жиналды. Мерекелік іс-шараларға адамдар өте көп келіп жатқаны қуантады. Осындай іс-шараны ұйымдастыруға бар күшімізді салдық», - деді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.

Концертте еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері мен эстрада жұлдыздары бой көрсетті. Өнерпаздар соғыс жылдарындағы және қазіргі патриоттық әндерді орындап, халыққа ерекше көңіл күй сыйлады.

«Әрбір отбасының еңсесін көтеріп, балалардың рухын оятып, отансүйгіштікке баулитыны, желбіреп тұрған байрағымыздың өзі жүрекке жылу сыйлайтыны сөзсіз. Сол себептен бұл жердегі орындалып жатқан әндердің бәрі керемет! Жалпы біздің борышымыз – сахара далада туған жақұт шығармаларды сахнаға әспеттеп шығару», - деді «Алатау серілері» тобының мүшесі Жасұлан Мұсағалиев.

Айта кетейік, мерекелік іс-шаралар Астана Аренадан бөлек, елорда әкімдігі ғимараты алдындағы қалалық алаңда және Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры маңында, ашық аспан астында әртістердің қатысуымен ұйымдастырылды.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Ұлытау облысында мектеп жанынан ашылған кадет сыныптары жұмыс істейді