Мұндай жобалар бүгінде облыста 114 баланы тәрбиелеп жатыр
Ұлытау облысында мектеп жанынан ашылған кадет сыныптары жұмыс істейді. Ұлттық тәрбие мен әскери-патриоттық бағытты ұштастырған мұндай жобалар бүгінде облыстағы 114 баланы тәрбиелеп жатыр. Тәртіпке баулып, азаматтық борыш пен жауапкершілікке бейімдейтін сыныптар аталған өңірде табысты нәтиже көрсетіпті, деп хабарлайды Almaty.TV тілшісі.
Сап түзеген өрендер – жай ғана мектеп оқушылары емес, болашақ ел қорғаушылар. Олар Отанға адал қызмет етуге ант еткен жас сарбаздар. Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияда ашылған кадет сыныптарында олар тек білім алып қана қоймай, әскери тәртіп пен темірдей тәртіптің не екенін жастайынан меңгеріп келеді.
Сыныптарда әскери-патриоттық сабақтармен қатар, алғашқы әскери дайындық, топпен жұмыс істеу және көшбасшылық қабілетті дамыту бағытында қосымша үйірмелер де өткізіледі. Мұндағы оқытушылар аталған жобаны тек бір мектептің бастамасы емес, бүкіл ұлттың болашағына салынған рухани инвестиция деп санайды.
Кадет сыныбының қатарына ілігіп, салтанатты түрде ант қабылдағандардың бірі – Мүсілім Өтеш. Ол жас кезінен-ақ әскери тәртіпке бейім болып, болашағын Отан қорғауға арнағысы келеді.
«Осы сыныпқа сынақтан сүрінбей өткеніме қуаныштымын. Кадет сыныбынан әскери машықтарды қазірден бастап үйреніп жатырмыз. Мысалы, автоматты шашып-жинауды, патриот болуды, саптық тәртіп, алғашқы көмек көрсетуді үйренеміз. Маған өте ұнайды. Болашағымды әскери саламен байланыстыратыныма кәміл сенемін. Отанды қорғау – парызымыз!», - деді «Жас сарбаз» кадет сыныбының оқушысы Мүсілім Өтеш.
Кадет сынып оқушылары аптасына бірнеше мәрте саптық дайындыққа қатысады. Әскери киім киіп, пәрменді нақты орындау олардың күнделікті дағдысына айналған. Ұстаздар мен әскери жетекшілердің айтуынша, балалардың бойынан отансүйгіштік, тәртіпке бағыну және жауапкершілік сынды қасиеттер айқын байқала бастапты.
«Әскери ант қабылдау рәсіміне дейін оқушылар оқу-жаттығуда шынығып, саптық жүрістің қыр-сырын меңгерді. Бойларын тік ұстап, тиісті талаптарды қажетті деңгейде орындауға машықтанды. Бұл – үлкен жетістік», - деді «Жас сарбаз» сыныбының жетекшісі Аяжан Хакім.
«Былтыр 25 бала қабылданған болатын, биыл тағы екі сынып қосылды. "Жас сарбаз" сыныптарында барлығы 64 бала оқиды. Жас сарбаз сыныбына өту үшін 4-сынып аяқтаған соң қазақ тілі және математика, спорттық нормативтерден тест жұмыстарын тапсырады. Сол сынақтардан сүрінбей өткендер осы сыныптарға қабылданады», - деді «Жас сарбаз» сыныбының жетекшісі Гүлбаршын Жолдасбек.
Мектеп ұжымы мен ата-аналар былтырдан бері жүзеге асып келе жатқан мұндай бастаманы барынша қолдайды. Өйткені бұл – тек білім емес, өмір мектебі. Болашақ офицерлер мен ел қорғаушылар дәл осындай сыныптарда тәрбиеленеді.
Алтынгүл Төлегенова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Су астындағы сарбаздар: Ақтаудағы сүңгуірлер ротасының тыныс-тіршілігі қандай