Астанада құрылыс алаңындағы көліктерді қиратқан жасөспірімдер қандай жазаға тартылды

Видеодан кадр
Видеодан кадр

Бөтеннің мүлкін бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада қалалық полиция қызметкерлері құрылыс алаңында тұрған бірнеше көлікке зақым келтірген жасөспірімдерді анықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Анықталғандай, көліктер жақын маңдағы тұрғын үйлердің тұрғындарына тиесілі болған және ұзақ уақыт бойы сол аумақта тұрған.

Бөтеннің мүлкін бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда көлік иелеріне келген материалдық шығын мөлшері есептеліп жатыр.

«Тергеу нәтижесінде жасөспірімдердің заңды өкілдері — ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар балалардың әрекеті Астана қаласы әкімдігі жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралатын болады. Полиция ата-аналарға балаларының бос уақытын бақылауда ұстап, заңға қайшы әрекеттердің салдарын түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызын ескертеді», - делінген хабарламада.

«Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында елордалық полиция мен прокуратура бірлесіп, вандализммен күресті белсенді жалғастырып жатыр. Бөтен мүлікті әдейі жою немесе бүлдіру 60 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға немесе 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға әкеп соғуы мүмкін.

2025 жылдың басынан бері 80-нен астам адам әкімшілік жауапқа тартылды: олардың 57-сі қамауға алынып, 28-іне 4 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Қалада «Стоп, вандал!» атты алдын алу акциясы жалғасуда. Оның аясында күндізгі және түнгі рейдтер, халықпен түсіндіру жұмыстары, сондай-ақ еріктілердің, қоғам белсенділерінің және белгілі спортшылардың қатысуымен шаралар өтуде. Акцияның басты мақсаты — вандализмнің алдын алып, қаланың мүлкін қорғау.

Оқи отырыңыз: Жүріп бара жатқан көлікке жармасқан: теміртаулық балалардың бейнежазбасы тарады

Новости партнеров