Сот үкімімен оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Астанада инвестиция түріндегі бизнес-жобаға ақша салуды ұсынған алаяқтық схеманы ұйымдастырушы сотталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, елорда тұрғыны бизнес-жобаны іске асыру түрінде көрініс тапқан алаяқтық жолмен екі жәбірленушіден 100 млн теңгеден астам ақшаны инвестиция ретінде алып, иемденген.
Сотталушы жоғары кіріс әкелетін IT-бизнеске — ақылы автотұрақ жүйесімен жабдықталған автоматтандырылған шлагбаумдар орнатуға инвестиция салу және бірлесіп қатысуды ұсынған.
Тергеу және сот процесі барысында ол өз кінәсін мойындамай, жасалған іс әрекетін азаматтық-құқықтық қатынас ретінде танып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтармақ болып, келтірілген материалдық залалды өтеуден бас тартты.
«Сотталушы жәбірленушілерден алынған қаражатты инвестициялық жобаға салмай, жеке қажеттіліктеріне пайдаланғаны дәлелденді. Сот үкімімен оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, келтірілген материалдық шығын өндірілді», - делінген хабарламада.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарға инвестиция және ақшалай қаражат салу туралы күмәнді ұсыныстардан сақ болу қажеттігін ескертеді.
Күдікті жағдайлар дболғанда, құқық қорғау органдарына дереу хабарласу қажет.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда кепілсіз онлайн-кредиттерге жаңа шектеулер енгізіледі