Жоспар бойынша 37 коттедж бен 24 таунхаус бой көтеруі тиіс болғанымен, құрылыс жұмыстары аяқсыз қалған
Астанада бірнеше құрылыс компанияларының басшысы Мөлдір Сүйіншәліге қатысты тергеу жүріп жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, ол 2021–2024 жылдар аралығында «Nura Elite» коттедж қалашығын саламыз деп, тұрғындардан қомақты қаржы жинаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жоспар бойынша 37 коттедж бен 24 таунхаус бой көтеруі тиіс болғанымен, құрылыс жұмыстары аяқсыз қалған.
Салдарынан 56 адам жәбірленуші ретінде танылып, жиналған қаражат көлемі 3,9 млрд теңгені құраған. Тексеру барысында қаражаттың жартысы жақындарының есеп-шоттарына аударылғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған
«Суюншали Мөлдір сатып алушылармен іс жүзінде жер учаскелеріне құқық беруді көздейтін шарттар жасасқан, алайда оларды иеліктен шығаруға заңды құқығы болмаған. Үлескерлердің қаражатының бір бөлігі Астана қаласында «Асылхан» тұрғын үй кешенін салуға арналған жер телімін сатып алуға жұмсалған. Соттың санкциясымен оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.Тергеу жалғасуда. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Қостанай облысында ер адам әйелін жарақаттап, өгей ұлын өлтірді