Астаналықтар Жаңа жылды қалай қарсы алады

Шаһарда уақытты көңілді өткізетін 60-қа тарта орын ашылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астана жұрты да жаңа жылды тойлауды бастап кетті. Қала халқы түрлі мерекелік іс-шараларға қатысып, мұз айдындары мен шағын архитектуралық нысандарды тамашалауда. Шаһарда уақытты көңілді өткізетін 60-қа тарта орын ашылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқушылар сарайы маңында жиналған халықтың қарасы қалың. Көпшілік ән айтып, би билеп шат-шадыман күйде. Дәл қазір эстрада жұлдыздарының қатысуымен елорданың бұдан бөлек, 7 жерінде концерт өтіп жатыр. Бас қалада бүгін ауа-райы да тамаша, мерекелік көңіл-күйге септігін тигізіп тұрғандай.

"Концерт ұнады. Ұйымдастырушыларға, рақмет! Қазақстандықтарды жаңа жылымен құттықтаймыз!" – деді қала тұрғыны Айым Тоқанова.

"Немерелеріммен келдім. Бәрі керемет өтіп жатыр. Келе жатқан жаңа жылымыз құтты, берекелі жыл болсын, Қазақстан алға өрлей берсін!" – деді қала тұрғыны Нұржан Досбол.

Жыл аяғында әлем халқы келер жылдан жақсылық, жағымды жаңалық күтеді. Барлық тілек-ниет те соған сай айтылады. Ал бас қаланың тұрғындарына жаңа жылдық көңіл-күйді Аяз Ата мен Ақшақар, түрлі ертегі кейіпкерлері сыйлауда. Қайрат Баекенов, Алмас Кішкенбаев, Маржан Арапбаева сынды өнер жұлдыздары да көпті қуантты.

"Елордамызда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі оқушылар сарайында, «Көктал» паркінде, «Промышленный» тұрғын алабында және Ата Түрік саябағында қала тұрғындарына мерекелік іс-шара өткізіліп жатыр", – деді Мәдениет басқармасының маманы Венера Хамитова.

Елордада мерекелік іс-шара мұнымен бітпейді. Кешкі сағат 21:00-ден  түнгі 2:00-ге дейін қалалық алаңда, «Қазақ елі» монументі аумағында және ЭКСПО-да жаңа жылдық мерекелік концерттер өтеді. Сондай-ақ Астана жұрты жаңа жылдық отшашуды сағат 24:00-де ботаникалық бақ пен «Атырау» көпіріне іргелес аумақтан тамашалай алады.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: От шоуы: сайқымазақтар алматылықтарға жаңа жылдық қойылым сыйлады

Новости партнеров