Олжас Сапарбек көкөніс тұқымдарын сонау Нидерландыдан алып келеді
Шымкенттік кәсіпкер Олжас Сапарбек жылыжай шаруашылығымен айналысады. Ол жыл - он екі ай қияр мен қызанақ өсіріп, үшінші мегаполисті ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлері мен Ресейді де балғын көкөніспен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Олжас Сапарбек 4 жылдан бері жылыжай шаруашылығын дөңгелетіп келеді. 26 жастағы жігіт бақша өнімдерін өсіріп, сатуға шығарады. Үш гектар аумақта көкөністі күтіп-баптап отырған ол қызанақ пен қиярға сұраныстың жоғары екенін айтты. Кәсіпкердің жылыжайда 40 адамды жұмыспен қамтып отырғаны тағы бар.
"Жыл он екі ай Шымкент, Алматы, Астана болсын, қыс бойы көкөністермен қамтамасыз етеміз. Голландиядан келетін семеналар бар, олардың бәрін өзіміз өсіріп, Қазақстанға және шетелге сатамыз", – деді жылыжай шаруашылығының маманы Олжас Сапарбек.
Шаруа көкөніс тұқымдарын сонау Нидерландыдан алып келеді. Жоғары сортты бақша өнімдерімен Шымкентті ғана емес, Қазақстанның өзге де аймақтарын қамтып отыр. Сол себепті де мереке күндері демалыссыз жұмыс істейді.
"Көкөністер өсіретіндіктен демалыссыз жұмыс істейміз. Бұл жерге өте тиянақты қарау керек. Келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Жаңа жылда табыс, береке, ең бастысы денсаулық тілеймін!" – деді жылыжай шаруашылығының маманы Олжас Сапарбек.
Олжас бүгінде өнімдерін Ресейге экспорттайды. Жылына 1000 тоннаға жуық көкөніс алатын шаруа келер жылы жылыжай аумағын кеңейтіп, жұмысшылар санын арттыруды да жоспарлап отыр.
Гүлдана Сейдрасул, Мирас Ашенов, Шымкент
Оқи отырыңыз: Еңбек адамы: теміржолшы жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алмақ