Астананың 2035 жылға дейінгі Бас жоспары жаңартылды. Құжатта тұрғын үй көлемін арттырумен қатар, жаңа мектептер, балабақшалар мен медициналық және әлеуметтік нысандар салу көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жоспарды әзірлеу кезінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, аумақтың қазіргі пайдаланылуы, сондай-ақ инженерлік және көлік инфрақұрылымының жағдайы ескерілген. Мамандардың айтуынша, Бас жоспарды жаңартуға елордадағы инвестициялық жобалардың көбеюі себеп болған.
«Әлеуметтік нысандардың саны көбейді. Мысалы мектептердің саны бұрын 164 болса, жаңа бекітілген бас жоспар бойынша 178 деп көрсетілді. Медицина объектілерінің саны 93-тен 123-ке көбейді. Спорт объектілері 104-тен 122-ге артты», – деді қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш.
Астананың жаңа Бас жоспарына сәйкес, қала аумағын дамыту үшін ескі және апатты үйлер, саяжайлар, гараждар мен аз қабатты нысандардың бір бөлігі сүріледі. Жалпы көлемі 1 млн 713 мың шаршы метр тұрғын үй қорын бұзу жоспарланған. Оның 95 пайызы жеке үйлер екен. Жоспарға сәйкес, алдағы 9 жылда елорда халқының саны 2 миллионнан асады деп күтілуде.
«Бекітілген бекітілген бас жоспарындағы халық санынан өзгерген жоқ 2 миллион 275 мың адамға есептелген. Қаланың аумағы өзгермеген. 2035 жылға дейін адам саны . 2 миллион 275 мыңға жетеді деп есептейміз», – деді Гүлдана Әбіш.
Оқи отырыңыз: 30 мың жәдігер мен көне құбыр: Жанкент қалашығынан қандай құпиялар табылды