Өткен аптада елордада жауған нөсерден кейін қаладағы бірқатар көшелер мен жол учаскесін су басқан
Астананың кәріз жүйесін жаңартуға бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлу тиімсіз. Мұндай пікірді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Үкіметтегі брифингте айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, елордада кәріз жүйесі көтере алмайтын нөсер жауын жиі болмайды. Сондықтан сирек қайталанатын табиғи құбылыс үшін қомақты қаржы жұмсау орынсыз. Бұл мәселені шешуде жауын-шашынның жиілігі мен құрылыс талаптары жан-жақты ескерілуі қажет.
Есте болса, өткен аптада елордада жауған нөсерден кейін қаладағы бірқатар көшелер мен жол учаскесін су басқан. Салдарынан көлік қозғалысы қиындаған болатын.
«Әрине, өңірдің тұрғындары сияқты қолайсыздықты сезінеміз. Бірақ табиғи құбылыстардың өте сирек болатынын да түсінуіміз керек. Егер дәл осындай сирек кездесетін табиғи апаттарға толықтай дайын болу үшін барлық инфрақұрылымды соған лайықтап салатын болсақ, қомақты қаржыны талап етеді. Ал мұндай шығындар мемлекеттік бюджетке салмақ түсіреді», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.
Оқи отырыңыз: Елорданың Орталық саябағында тәртіп пен тазалықты сақтау бойынша кезекті рейд өтті