Шымкент көшелерінің біріндегі инженерлік жұмыс аяқсыз қалған. Кәріз желісін орнатқан мердігер міндетін аяқтамай, жолды ашық қалдырып кеткен. Ол аздай, құдықтардың аузы да ашық жатыр. Тұрғындар болса, мектеп балалары шұңқырға құлап кете ме деп алаңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәншүк Мәметова көшесінде кәріз жүйесін жүргізген мекеме құрылыс жұмысын аяқсыз қалдырған. Тіпті қазылған құдықтардың беті жабылмаған, айналасы қоршалмаған. Ал тұрғындар қас қарайғанда жолдың ой-шұқырын аңғару қиын екенін айтады.
«1,5 -2 ай болды, әлі бітпей жатыр. Құдықтардың беті ашық. Балалар сабақтан сағат 18:00-19:00-де қайтады. Қараңғыда түсіп кетуі де мүмкін. Зейнеткерлер бар, жедел жәрдем көлігі де келе алмайды», – деді қала тұрғыны Ибрагим Моминов.
Ойлы-шұңқыр көшенің жұмысы тоқтағанына 2 аптадан асты. Ал қала әкімдігі болса мегаполистегі кәріз құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтып, тұрғындарды алаңдатқан шұңқыр мәселесін тездетіп шешуге уәде берді.
«Мәншүк Мәметова көшесінде кәріз желісінің құрылыс жұмыстарына байланысты басқарма тарапынан мердігер мекемеге тиісті тапсырма беріліп, қазіргі таңда траншея орындарын көму және аумақты қалпына келтіру жұмыстары басталды. Анықталған кемшіліктер ретке келтіріліп, тұрғындардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасалады», – делінген Шымкент қаласы Энергетика және инфрақұрылым басқармасының хабарламасында.
Осылайша, аяқсыз қалған жұмыс біздің арнаның араласуынан кейін қайта жанданды. Мердігер іске кірісіп, бір күн ішінде ашық жатқан құдықтардың бетін жауып, жолды тегістеді.
Лаура Бабас, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Үй иесін өлтіріп пәтерін иемденген: Алматыда күдіктілер ұсталды