Шымкенттегі концертінде 8 адам жарақат алып, бойжеткен ауруханада жатыр
Эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінде 8 адам жарақат алып, бойжеткен ауруханада жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өткен демалыстағы концертті көруге келгендер тым көп болып, стадионға сыймай қалған. Ішке кіре алмаған адамдар бір-бірін итеріп, тіпті ғимараттың қабырғаларын қирата бастаған. Салдарынан 8 адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген. Арасындағы 18 жастағы қыздың жағдайы ауыр. Ол қазір дәрігерлердің бақылауында. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, қыз адам көптігінен есінен танып қалып, жарақат алған. Бүгінде концертті ұйымдастыруға жауапты азамат қамауға алынды.
«Қайрат Нұртастың концертінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, сатылған билеттер саны концерт алаңының рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Бұл адамдардың шамадан тыс жиналуына әкеліп, көрерменнің қауіпсіздігіне қатер төндірген. Концерт ұйымдастырушысы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Еркебұлан Ережепов.
Оқи отырыңыз: Киберқылмыспен күрес: Қазақстанда интернет-алаяқтық 40 пайыз азайды