Асыраушысынан айырылған отбасыларға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Министрлік туа біткен мүгедектігі бар азаматтарға қандай қосымша қолдау көрсетілетінін түсіндірді 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда асыраушысынан айырылған жағдайда отбасының күнкөрісіне көмектесу үшін мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сондай-ақ туа біткен мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау шараларын түсіндірді,  деп хабарлайды Almaty.tv.

Асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдер қайтыс болған адамның асырауында болған және өз күнкөрісін қамтамасыз ете алмайтын отбасы мүшелеріне тағайындалады. Бұл қолдау отбасының қаржылық жағдайын жеңілдетуге бағытталған.

Министрлік мәліметінше, туа біткен мүгедектігі бар азаматтарға асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы мөлшерінде қосымша төлем де белгіленуі мүмкін. Ол кәмелет жасына толғанға дейін, ал оқуын жалғастырған жағдайда оқуын аяқтағанға дейін төленеді. Дегенмен төлем 23 жастан асқанға дейін ғана беріледі.

Белгіленген жасқа толғанда немесе оқу аяқталғанда қосымша төлем тоқтатылады. Алайда бұл мемлекеттік қолдаудың толық тоқтайтынын білдірмейді.

Азаматтың денсаулық жағдайы мен жеке қажеттіліктеріне қарай басқа да әлеуметтік қорғау шаралары қарастырылған. Олардың қатарында жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасына сәйкес техникалық құралдармен қамтамасыз ету, оңалту қызметтерін ұсыну бар.

Тұрақты күтімді қажет ететін азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер де көрсетіледі. Мұндай қызметтерді арнайы мекемелерден немесе үй жағдайында алуға болады.

Министрлік әлеуметтік қолдау шаралары азаматтың өмірлік жағдайы мен жеке қажеттіліктеріне қарай ұсынылатынын атап өтті. Төлемдерді тағайындау тәртібі мен өзге де қолдау түрлері туралы толығырақ ақпарат ведомствоның бейнематериалында берілген.

Оқи отырыңыз: Интернетте тауар сатып алғанда қосымша төлемдерден қалай сақтануға болады