Құжатты талқылау 6 айға созылып, жұмыс тобы халықтан түскен 2 мыңнан астам ұсынысты жинақтап, жан-жақты талдады
Адам құқығы мен бостандығы – мемлекеттің ең жоғары құндылығы. Жаңа Конституция жобасының преамбуласында бұл қағида алғаш рет елдің басты басымдығы ретінде айқын көрсетілді. Аталған ұстаным Ата заңның бүкіл мазмұнына арқау болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындаған болатын. Соның аясында жаңа Ата заң жобасы әзірленіп, оған азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстары кеңінен тартылды. Құжатты талқылау 6 айға созылып, жұмыс тобы халықтан түскен 2 мыңнан астам ұсынысты жинақтап, жан-жақты талдады.
«Біз 100-ден астам ұсыныс жинадық. Олар жекеменшікке құқықты сақтау, жекеменшікке қол сұқпау мәселелерінен бастап, елдегі инвестициялық ахуалды барынша қолайлы ету үшін шешім қабылдау шарттары мен оның жеделдігіне дейінгі бағыттарды қамтиды. Біздің басты түзетулеріміздің бірі – жекеменшікке қолсұқпауды нақтылап, толықтыру. Себебі жекеменшіктің қорғалуы, біріншіден, мемлекеттік институттарға деген сенімді, екіншіден, адамдардың өз болашағын жоспарлаудағы сенімін нығайтады. Бұл бизнеске инвестиция салуға, оны одан әрі дамытуға және жаңа нысандар салуға мүмкіндік береді, –ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров
Сонымен бірге түзетулер аясында сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндікті қамтамасыз ету, сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелері қамтылған. Некеге қатысты жаңа норма енгізіліп, ол ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалды. Бұл ұстаным әйелдердің құқығын қорғауға және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
«Тарихи, ұлттық, мәдени құндылықтарымызды сақтау және оларға ерекше мәртебе беру – мен үшін ең басты құндылық! Конституцияның түп негізі, түп тамыры. Себебі барлық нәрсе, өмір, тәрбие, бала тағдыры, ұрпақ тағдыры отбасынан басталады. Сондықтан отбасына, отбасылық құндылықтарға, отбасы институтын нығайту болашақты нығайтумен тең», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова.
Сарапшылар да неке институтына қатысты енгізілген өзгерістер қазір аса өзекті екенін айтты.
«Еті үйреніп кеткен нормалар негізінде құрылатын неке, атап айтұанда, әйелдің еркінен тыс неке қию, қыз алып қашу практикасы қоғамдық бар кезде, некенің еріктілігін Конституцияда бекіту және сол норманы енгізу аса маңызды және қажетті деп есептейміз», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Ақнұр Иманқұл
Айта кетейік, жаңа құжатта адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалды. Бұған қоса, әділеттілік, Заң мен тәртіп қағидаттары және табиғатқа жауапкершілікпен қарау ұстанымы алғаш рет Конституция деңгейінде нақтыланды. Сондай-ақ мемлекеттік биліктің жалғыз қайнар көзі әрі егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені нақты белгіленді.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов жаңа Конституция жобасына қатысты жалған ақпарат тарату фактілеріне қатаң шара қолдануды тапсырды