Ата Заңдағы жаңа мәртебе: адвокаттардың құқығы күшейтілмек

19.05.2026 20:14

Бұған дейін адвокатураның құқықтық негізі тек салалық заңдармен реттеліп келген

Жаңа Конституцияда алғаш рет адвокатураға қатысты жеке баптың енгізілуі – еліміздің құқықтық жүйесіндегі маңызды тарихи қадамдардың бірі. Бұл өзгеріс адвокаттардың мәртебесін арттырып қана қоймай, олардың қызметіне берілетін конституциялық кепілдіктерді күшейтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Бұған дейін адвокатураның құқықтық негізі тек салалық заңдармен реттеліп келсе, енді ол құқықтық мемлекет қағидаттарының ажырамас бөлігі ретінде Ата Заң деңгейінде бекітіліп отыр. Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Аманжол Мұхамедьяровтың пікірінше, бұл өзгеріс азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау сапасын жаңа деңгейге көтереді. Ол Конституциядағы бұл норма адвокатура институтының қоғамдағы рөлін күшейтіп, сот төрелігінің әділ әрі ашық жүзеге асуына жол ашады дейді.

«Менің ойымша, адвокат мәртебесінің Конституцияда бекітілуі Қазақстан Республикасының адвокаттық қызметке қатысты заңнамасын одан әрі реформалауға алып келеді. Бұл адвокаттардың кепілдігін, өкілеттігін және құқығын күшейтеді. Жалпы, Конституцияға қатысты маған ұнайтын нормалардың бірі – бір тұлғаның Жоғарғы Сот төрағасы, Бас прокурор немесе Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тек бір рет қана тағайындала алуы. Бұл кадрлардың ауысуына мүмкіндік береді және мемлекеттік аппараттың белгілі бір адамдардың айналасына топтасып кетуінің алдын алады. Соның нәтижесінде мемлекеттік құрылымдар өзгеріп, әр органның қызметіне деген көзқарас жаңарады», – деді республикалық Адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Аманжол Мұхамедьяров

Адвокаттар қауымы да бұл бастаманы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сапалы, кәсіби әрі тәуелсіз қорғауға бағытталған маңызды стратегиялық шешім ретінде бағалап отыр. Сала мамандарының айтуынша, конституциялық нормалардың толыққанды жүзеге асуы үшін арнайы заңнамалық тетіктер қажет. Сонымен қатар оның орындалуын қадағалайтын және дұрыс жүзеге асуын қамтамасыз ететін құзырлы органдардың жұмысы да маңызды рөл атқарады. Бұған қоса, құқық саласындағы білім мен мамандардың біліктілігін арттыру мәселесіне де ерекше назар аудару қажет екені айтылды.

«Бүгінгі таңда мемлекет деңгейінде құқық қорғау,судьялар және де басқа да салада мемлекет тарапынан сөзбе-сөз, дәлме-дәл Конституциядағыдай жүзеге асуын бақылауды күшейту қажет. Сонда ғана Конституция  шынымен де бекер қабылданған жоқ. Халықтың құқық қорғау органдары бүкіл саланы қорғайтындай құрал болуы тиіс», – деді адвокат Жандос Тұяқов.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар Токио мен Нью-Йоркке Астанадан тікелей ұша алады