Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына Қазақстанды өңірдегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру туралы стратегиялық міндет қойған
Қазақстандықтар енді Токио мен Нью-Йоркке Астанадан тікелей ұша алады. Көлік министрлігі жыл соңына дейін аталған қалаларға рейстер ашуға міндеттелді. Ал билет бағасы бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Бұл – Премьер Олжас Бектеновтің тапсырмасы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына Қазақстанды өңірдегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру туралы стратегиялық міндет қойған. Министрлер кабинеті атқарылып жатқан шаруларды тағы бір тізіп шықты. Алдымен, сөзді салаға тікелей жауапты Нұрлан Сауранбаев алды. Көлік министрі дәстүрден жаңылмай оң жетістіктерді баяндады. Сөзінше, Қазақстан биыл 3 ұшақ сатып алған. Жыл соңына дейін тағы алтауын алмақшы. Саланы авиаотынмен қамтамасыз ету бойынша біраз шаруа атқарылыпты. Одан бөлек, отандық және шетелдік әуекомпаниялар Қазақстанның халықаралық бағыттарын көбейтіп жатыр.
«Отандық және шетелдік авиакомпаниялар Қазақстанның халықаралық бағыттарын көбейтіп жатыр. 2026 жылы жаңа халықаралық бағыттарды ашу жалғасуда. Қазірдің өзінде 4 жаңа рейс ашылды. Сонымен қатар 2026 жылы тағы 11 халықаралық бағытты ашу немесе қайта іске қосу жоспарланып отыр», – деді ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Сауранбаев шекара асатын рейстер туралы сөз қозғады. Премьер Бектенов Нью-Йорк, Токио сияқты қалаларға тікелей рейстер ашу мәселесі ұзақ уақыттан бері талқыланып келе жатқанымен нақты нәтиже жоғын айтып, министрді сұрақтың астына алды.
«Токио бойынша жылдың 4-тоқсанында, АҚШ-қа келесі жылдың 2- тоқсанында рейсті ашамыз. 34 халықаралық бағыт Астанадан ұшып жатыр. Осы жылдың аяғына дейін тағы да бес бағыт қосылады», – деді ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Маман тапшылығы авиация саласын да айналып өтпеген. Қазір бұл бағытта 23 мың адам тер төгіп жүр. Бірақ жыл сайын маман жетіспеушілігі байқалады. Мұндай мәліметті министр Премьер Бектеновке айтты. Десе де, баяндамасында шекара асқан қазақстандықтар туралы да, шетелден келген мамандар туралы ешқандай ақпарат айтылмады. Сондықтан баспасөз жиынында өзінен сұрадық. Сауранбаев ағынан ақтарылды.
«Бізде пилот жетіспейді, шетелден алып жатырмыз.Қазір 300 пилоттың 40 пайызы шетелден алып жатырмыз. Егер Қазақстандықтарды дайындасақ, орнын толтырамыз», – деді ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Бұл олқылықты жоюды Үкімет қолға алған. Қазақстанда азаматтық авиация мамандарын даярлауға бөлінетін мемлекеттік гранттар саны жыл санап көбейіп келеді.
«Егер 2022–2023 оқу жылында 180 грант бөлінсе, 2025–2026 оқу жылында 618 грант бөлінді. Түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіштері де жоғары. Қазіргі таңда ол 90 пайызға жетіп отыр. Түлектер әуежайларда, авиакомпанияларда, логистикалық және аэронавигациялық ұйымдарды еңбек етуде», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.
Авиация саласы цифрландырылып, ішкі рейстерге биометриялық бақылау жүйесі енгізіледі. Әуежайларда жүктерді өңдеуге жасанды жады қолданылады. Баяндамашылардың есебін тыңдаған Премьер саланы ілгерілету үшін жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді. Соның бірі Еуропа елдерінің астаналары мен басқа да қалаларына тікелей әуе рейстерін ашу. Бұл инвесторлар мен туристерді тарту үшін өте маңызды мәселе деді.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Алатау қаласында аэротакси сынақтан өтіп жатыр