Атырау облысында 13 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды

Биыл облыста осындай 25 іс-шара ұйымдастырылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысында жыл басынан бері 13 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Соның арқасында өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға дейін азайған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Атыраулық Әсел Серік – облыстық мансап орталығы арқылы тұрақты жұмыс тапқан тұрғынның бірі. Электр энергетикасы саласы бойынша алған білімінің арқасында сәуір айында аймақтағы ірі мұнай-газ зауытына қызметке орналасыпты. Қазір ол шетелдік компаниялармен бірлескен жобаларға инженерлік бақылау жүргізеді. 

«Биылғы жылдың қаңтарынан бастап жұмыссыз ретінде тіркелдім. Оған дейін маған нұсқаулық дипломым бойынша берілді. Қазір жобаларды басқару жөніндегі жоспарлау инженерімін. шығыстану және электроэнергетика саласы бойынша 2 мамандығым бар. Магистралды құбыр жобасы аясында жұмыс істеп жатырмыз, мен бақылап қараймын», – деді Атырау қаласының тұрғыны Әсел Серік.

Жыл басынан бері мансап орталығына 45 мыңнан астам тұрғын жүгінген. Оның көбі - 35 жасқа дейінгі азамат. Жұмыс іздеген адамдар үшін жастар практикасы, қоғамдық және әлеуметтік жұмыстар, сондай-ақ субсидияланатын жұмыс орындары секілді бағдарлама қарастырылған.

«Тіркелген жұмыссыздар саны 16 мыңнан асты. Жыл басынан бері 45 мың адам жұмыс іздеу бағытында хабарласты, 13 мыңнан астам тұрақты жұмысқа орналасты.  3500 астам субсидия жұмыс орындарына ие болды. Яғни тұрақты жұмыс орындары пайда болғанға дейін мемлекет тарапынан толық бір бөлігі ішінара төленеді. Өңірде субсидия бойынша 4 бағдарлама жүзеге асып жатыр», – деді Еңбек мобильдігі орталығының басшысы Мереке Есқалиев.

Екі қолға бір күрек табудың тағы бір тиімді жолы – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Жыл басынан бері облыста осындай 25 іс-шара ұйымдастырылған. Сонымен қатар азаматтарға кәсіби білім алып, жаңа мамандық игеруге мүмкіндік беретін оқыту курстары да ұсынылып отыр.

Жұлдыз Қайратқызы,  Атырау облысынан

Оқи отырыңыз: Шымкентте рекорд: жыл соңына дейін 7 мыңнан астам отбасы баспаналы болады