Атырау облысында мүгедектігі бар балалар көмек ала алмай отыр

Индербор кентінде Оңалту орталығының құрылысы аяқталмады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысы Индербор кентінде Оңалту орталығының құрылысы аяқталмай тұр. Салдарынан мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар ұл-қыздарын амалсыз қаладағы медициналық мекемелерге тасуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төрт жылдан бері әкімдік табалдырығын тоздырып шаршаған ата-аналар балаларын амалсыз аядай психологиялық-педагогикалық түзеу мекемесіне әкеледі. Мұнда 114 бүлдіршін келеді. Бұған дейін көпшілік тар бөлмеде ем-шараларын алу ыңғайсыз деп шенеуніктерге талап-арызын жеткізген. Әзірге нәтиже жоқ.

«Үлкен ғимарат берсе, алдағы уақытта балам кең жерде жүгіріп жүргенін армандаймыз. Әкімдерге бардық, хат жүзінде жаздық. Одан ешқандай ештеңе өзгермеді» – деді Индербор кентінің тұрғыны Самал Төремұратова.

Оңалту орталығының күрделі жөндеуі 2021 жылы басталған. Тіпті дәл сол жылы мекеме тапсырылуы тиіс еді. Алайда құрылыс сағызша созылып, нысан қаңырап бос қалған. Кейін әкімдік аяқсыз қалған жұмыс үшін мердігерді сотқа беріпті.   «Бір рет соттың шешімімен күрделі жөндеуді аяқтау мерзімі ұзартылған болатын. Одан соң тағы да талап-арыз берілді. Алайда күні бүгінге жұмыстар шешімін таппай, қанағаттандырусыз қалдырылып отыр. Мүмкіндігі шектеулі балалар өз деңгейінде көмек ала алмай отыр. Екінші жағынан, ата-аналардың да наразылығын тудырып отыр», – деді Индербор кенті әкімінің орынбасары Қайыржан Нұриев.

Жоба құны 190 млн теңге. Бүгінде қаржының тек 70 проценті игерілген. Атқамінерлердң айтуынша, мердігер мекеме өз есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Мердігер мекеменің жауапсыздығынан құрылыс созылып келе жатыр. Қазір мердігер мекеме өз қаражаты есебінен сыртқы қасбеттерін, қоршау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар ішіндегі кейбір бөліктерін қалыпқа келтіріліп жатыр», – деді Индер ауданы әкімінің орынбасары Артур Мурзин.

Оңалту орталығының қашан қолданысқа берілетіні әлі де белгісіз. Бірақ әкімдік мәселені шешу үшін қосымша тағы бір ғимаратты әзірлеп жатқанын жеткізді.

Жұлдыз Қайратқызы, Алмат Ілиясов, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй құрылысынан қаражат жымқырған компанияның мүлкіне тыйым салынды

Новости партнеров