Олжас Бектенов энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отыруды тапсырды
Алматы және Қарағанды облыстарындағы кейбір әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындығы төмен. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың дерегінше, аталған екі өңір жоспардан қалып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы облысында білім беру мекемелері 80 пайызға, ал денсаулық сақтау нысандары 76 процентке дайын. Ал Қарағанды облысында білім беру ошақтары жоспарды 76, медициналық мекемелер 77 процентке ғана орындаған. Үкіметте министрлер мен бірқатар өңір әкімдерінің есебін тыңдаған Премьер-министр кей аймақтардағы жылу желілерінде жөндеудің уақытылы аяқталмай қалу қаупі барын айтты. Тіпті кей облыста қысқа дайындық бойынша өңірлік штабтардың жұмысы мардымсыз деп, өңір әкімдерін сынға алды. Сондай-ақ Олжас Бектенов нысандардың қысқа әзірлік паспорты болмай жылыту маусымы басталатын болса, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатынын ескертті.
«Сондай-ақ жылу беру маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жаңғыртуды тапсырамын. Энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отыру қажет. Жылыту маусымын ауа-райына қарай қатаң белгіленген мерзімде бастап кету керек», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Атырау облысында мүгедектігі бар балалар көмек ала алмай отыр