Атырау тұрғындары екі жылдан бері инфрақұрылымсыз отыр

15.09.2026 18:58

Атырау қаласының әкімдігі тұрғындардың сөзін жоққа шығарды

Атыраудың Қайнар ықшамауданы тұрғындары 2 жылдан бері инфрақұрылымсыз отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайнар ықшамауданының тұрғындарына 2024 жылы жер тегін берілген. Қоныс тойын тойлаймыз деп абыр-сабыр болған халықтың қуанышы көпке созылмады. Өйткені шағынауданда инфрақұрылым атымен жоқ. Әу баста жауаптылар барлық жағдай жасалған деп сендіріпті. Бірақ мұндағы жұрттың жұпыны тіршілігі жақсарар емес.

«Жер алғанда «коммуникация жүріп тұр, тек үй саласыздар, қосып береміз» деді. Түк те жоқ. Бәріміз үйді қабырғасын көтеріп қойдық. Енді терезе, есікті салайық десек, қорқып отырмыз, ұрлап кететін шығар. Электр жарығы, су, газды қосуын сұрап отырмыз», – деді Қайнар ықшамауданының тұрғыны Анарбек Қалиев.

«Жарық, су, газы қайда?  Тоқ ұрланып жатыр. Әкімдікке бардық, «маусым, шілдеде істейміз, тамыздың аяғында бітіреміз» деді. Әлі ешқандай нәтиже жоқ. Хабар да жоқ. 15 қыркүйектің болды, не сұмдық?», – деді Қайнар ықшам ауданының тұрғыны Дариға Құрманғалиева.

Ал Атырау қаласының әкімдігі тұрғындардың сөзін жоққа шығарды. Айтуларынша, барлық үйге инфрақұрылым жүргізілген. Тек құжаттарында ақау кетіп, соны қалпына келтіріп жатыр. Жауаптылар ай соңына дейін инфрақұрылым толығымен іске қосылады деп уәде етті. 

«Инженерлік-инфрақұрылымдық құжаттары жасалып жатыр. Линиялардың документі жайлы техникалық паспорт болады. Құжат дайын болғанда 1 ай көлемінде коммуналдық мекемеге тапсырылады. 2024 жылы алды, инфрақұрылым бар, тек құрылыс жұмысы бітіп тұр. Қосу крек», – деді  қалалық Құрылыс бөлімі өндірістік техника секторының бас маманы Ринат Әлімов.

Дегенмен қайнарлықтар жауаптылардың айтқан сөзіне сенуден қалған. Бұл уәде екі жылдан бері айтылып келеді.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Ешқандай көмек жоқ: Таразда өрттен зардап шеккен тұрғындар шатырды паналап жүр

Толық көрсету