Талғат Назаров 9 қаңтарда түскі уақытта қызының үйінен шығып сол беті оралмаған
Атырауда тағы да адам жоғалды. 59 жастағы азаматты жақындары 5 күннен бері таба алмай жатыр. Талғат Назаров соңғы рет қызының үйінен шыққан. Ол сол маңайдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Зейнет жасына жақындап қалған Талғат Назаров 9 қаңтарда түскі уақытта қызының үйінен шығып сол беті оралмаған. Туыстарының айтуынша, эпилепсияға шалдыққан азамат қалаға жиі ем алуға келіп жүретін көрінеді. Соңғы рет Көкарнада тұратын қызы мен күйеу баласының үйінен шыққаны сол жердегі бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Ұл-қыздары әкесінің сырқаты асқынып, талып не адасып қалды ма деп алаңдаулы.
«Сағат 14:55-те дәрігерге жазылдым. Оларды алып кетуге келе жаттым. Келіншегім екеуі шығу керек еді. Оларға «шыға беріңдер» деп телефон соқтым. Папам келінінен бұрын сыртқа шыққан. 5-10 минуттың ішінде менде келем. Таба алмай қалып отырмыз», – деді жоғалған азаматтың ұлы Мақсат Таубаев.
Жақындары құзырлы органнан көмек сұрайды. Қазір төтеншеліктер мен тәртіп сақшылары сол аумақта орналасқан Жайық өзенін бірнеше рет сүзіп, жер-жерді тексеріп жатыр. Әзірге еш нәтиже болмай тұр.
«Жоғарыдағы құзырлы органдардан көмек сұраймыз! Камераларды жедел түрде қарауды, осы аумақты тұратын тұрғындардың жеке үйінде камера болса, мәлімет беруді сұраймыз. Бізге кинолог мамандар қажет», – деді жоғалған азаматтың ұлы Мақсат Таубаев.
Полиция мәліметінше, 59 жастағы тұрғынның бойы 170-175 сантиметр шамасында, дене бітімі орташа. Үстінде қара түсті күрте мен шалбар болған. Қазір оның фотсуреттері барлық әлеуметтік желіге жарияланған.
«Атырау қаласының аумағында 59 жастағы ер адамның із түссіз жоғалу дерегі қатысты жедел іздестіру шаралары әлі де жалғасуда. Криминалдық полиция бөлімі мәліметіне сәйкес ер адамның соңғы жүрген ізі Жайық өзені маңынан анықталған. Сондай-ақ ТЖД күш құралдары жұмылдырылды», – деді Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет
Айта кетейік, жыл басталғалы 102 пультіне мыңнан аса адам жоғалу бойынша хабарлама түскен, тәулік ішінде 834 табылды. Ал әзірге 5 адам әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Жоғалған отбасы: Атырау облысында ерлі-зайыптыларға халықаралық іздеу жарияланды